«II ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ» СИМПОЗИУМЫ ӨТТІ
2025 жылдың 2-4 сәуір күндері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты халықаралық симпозиум өтті. Шараны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысының әкімдігі, Bilig Түркі әлемі әлеуметтік ғылымдар журналы және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.
Халықаралық симпозиумының басты мақсаты – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелерін анықтау, талқылау; жасанды интеллект жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістер мен қолданыстарын саралау. Ғылым тілінің болашағына қатысты шешімдер мен тұжырымдамаларды ұсыну.
Басқосуға ғалымдар мен сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, оқытушылар, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты.
Симпозиумға Түркия мен Өзбекстан, Қырғызстан және өзге бауырлас елдерден арнайы делегация қатысты. Сондай-ақ, Түркістан облысының 17 ауданынан 120 қазақ тілі пәнінің мұғалімі мен әдіскері арнайы шақыртылды.
Іс-шара аясында түрлі бағыттағы спикерлердің дәрістері мен баяндамалары, воркшоптар, фотокөрме, сахналық қойылым өтті.
«Симпозиум алды» басқосуда «Қазақ тілінде термин жасаудағы бір ұстаным» атты Workshop өтті. Тіл маманы, филолог, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм каналының авторы Назгүл Қожабек лектор ретінде терминология саласы мен қазақ тілі туралы маңызды мәліметтерді айтты. Сондай-ақ, Назгүл Қожабек «Синтаксис сыры» атты қонақ-дәрісін өткізді.
Симпозиумның алғашқы күні «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» атты фото көрменің ашылуымен басталды. Қатысушылар ашылу салтанатында Түркі халықтарының зияткерлік ойындары көрмесін және ««Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: әзірлемелер мен жобалар» Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жобаларын тамашалады.
Ашылу салтанатында жиын модераторы болған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Қазақ тілі – мәдениет пен философияның, ғылым мен техниканың, білім мен инновацияның тілі болуы тиіс. Оның ғылыми стилінің заман талабына сай қалыптасуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Жасанды интеллектінің рөлі, терминдерді біріздендіру, халықаралық жаңа ғылыми ұғымдарды қолданысқа енгізу – кезек күттірмейтін іс. Симпозиум осы мәселелерді жинақтап, өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді.
Алғашқы алғысөзді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алып: «Таяуда Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл заң қасиетті қала үшін дамуына жаңаша жол ашады. Ал бүгін рухани астанамызда қазақ тілінің абыройын асыратын симпозиум өтіп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың І отырысында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі жиында осы бағытта жаңа идеялар ұсынылады деп сенемін. Себебі, Қазақ тілі – халқымыздың рухани мұрасы.Ол ғылым мен технологияның тілі болуы керек»,-деді.
Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтауын Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жеткізді. Ал ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы Президенті Ақылбек Күрішбаевтың симпозиум қатысушыларына құттықтау сөзін Білім және қоғамдық даму ғылымдары бөлімшесінің ғылыми хатшысы Күлтай Әділова оқып берді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ХҚТУ Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, Bilig журналының редакторы Фырат Пуршат та сөз сөйлеп, маңызды ойларын бөлісті.
Симпозиумның пленарлық отырысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым әдіснамасы: ой мен тіл» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы негізгі алғышарттарға тоқталып, терминология саласындағы жүйеленген әдіснаманың қажеттілігін атап өтті.
Бұдан бөлек, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Шәкір Ибраев «Қазақ тілі – ғылым тілі: өзектілігі және шешу жолдары» тақырыбында, Оксфорд университеті, Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультеті профессоры Эмине Чакыр «Оксфордта қазақ тілін оқыту» тақырыбында, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Жалпытүріктік терминдер түзу – терминологияны халықаралықтандыру тетігі» тақырыбында сөз қозғап, Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабын таныстырды.
Симпозиумның алғашқы күні 5 секциялық отырыс өтті. Отырыстарда: Іргелі және қолданбалы тіл білімі: Заманауи тілтанымдық зерттеулер; Жасанды интеллект және қазақ тілінің ғылыми коммуникациясы; Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары; Жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ұлттық мазмұнды дамыту: Қазақ тілінің рөлі және жасанды интеллекттің мүмкіндіктері; Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздер және білім беруді цифрландыру мәселелері талқыланды.
Шараның алғашқы күні Ozge Epic кретив хабы мен университетте жаңадан құрылатын Өнер, медиа және дизайн факультетінің ортақ жобасы «Мың заман – бір Түркістан» қойылымының премьерасымен аяқталды.
Симпозиумның екінші күні «Халықаралық ғылым дипломатиясы» атты іс-шарамен жалғасты. Жиынға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету комитеті Сыртқы бағалау және талдау бөлімінің басшысы Қарлығаш Сәкенова, Bilig журналының редакторы Фырат Пурташ, ректор Жанар Темірбекова қатысты.
Сондай-ақ, «Халықаралық индекстелетін базалардағы журналдардың мақала және жариялау саясаты», «Сапалы мақала жариялау процессін ұйымдастыру техникалары және жасанды интеллект мүмкіндіктері», «Ұлттық және халықаралық индекстелетін базаларға ену жолдары» тақырыптарында Workshop өтті.
Симпозиумның соңғы күні шара қатысушылары мен қонақтар Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Арыстан баб кесенесін зиярат етіп, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кампусында ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне қатысты.
Қазақ тілі ғылым тілі ретінде дамуы үшін теориялық және практикалық мәселелерді біріктіріп қарастыратын мұндай жиындар маңызды рөл атқарады. Симпозиум нәтижесінде ғалымдар қазақ тілінің ғылыми қолданысын жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар беріп, терминологияны біріздендіру бағытындағы жұмыстарды талқылады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -