Нұрдәулет Қилыбай Әзербайжанның жаңа тағайындалған Бас консулын қабылдады
Бүгін, 9 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы жаңадан тағайындалған Бас консулы Айхан Сулейманлыны қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, атап айтқанда сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және көлік-логистикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
- Бүгінде аймақта 6 мыңнан астам этникалық әзербайжан өкілі тұрады. Бұл – өңірдегі ең ірі этностардың бірі. Сондай-ақ, облыс аумағында әзербайжан капиталының қатысуымен 286 кәсіпорын тіркеліп, түрлі салада табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасты өңірлік деңгейде дамыту – өзара түсіністік пен сенімге негізделген. Біз әріптестікті тереңдетуге және жаңа жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
2024 жылғы қорытынды бойынша Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 52,8 млн АҚШ долларын құрады. Оның 44,7 млн доллары – экспорт, 8 млн доллары – импорт үлесінде. Қазақстан тарапынан негізінен мазут, битум, мотор майлары, көлік құралдары, тұрмыстық техника және тазартылған мыс экспортталады. Ал импорт құрылымын азық-түлік өнімдері, химиялық заттар, жиһаз және көлік жабдықтары құрайды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -