Облыс әкімі Қопа ауылының тұрғындарымен кездесті
Облыс әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Ақтоғай және Қопа ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы Қопа ауылындағы Мәдениет үйінде елді мекеннің ақсақалдарымен, белсенді азаматтармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен жүздесті. Тұрғындар облыс әкіміне ұсыныс-пікірлерін айтып, ауылдағы өзекті мәселелерді жеткізді.Қопа ауылы тұрғындарын толғандырып жүрген проблеманың бірі - электр энергиясының жетіспеушілігі. Қолданыстағы трансформатордың тозығы жеткендіктен елді мекенде жарық жиі сөнеді. Ауылда азық-түлік бағасы басқа жақтармен салыстырғанда біршама қымбат. Оған себеп елді мекенге қатынайтын жолдың сапасы сын көтермейді. Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдаған облыс әкімі елді мекендегі проблемалардың кезең-кезеңімен шешілетін атап өтті.«Ақтоғай, Қопа, Тарлаулы ауылдарын дамыту бойынша арнайы жол картасы жасалады. Бүгін шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысайын деп арнайы келіп отырмын. Жергілікті халықтың ұсыныс-тілектерін естідім. Көтерген мәселелеріңіз өте орынды. Өзекті проблемаларды бюджетке енгізіп, рет-ретімен, жүйелі түрде шешуіміз керек» деді облыс әкімі.Аймақ басшысы аудандағы жұмыс сапары барысында Ақтоғай мыс кенішінде болды.Ашық үлгіде жұмыс істейтін кәсіпорын Аягөз ауданының Ақтоғай кентіне жақын орналасқан және әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының қатарында.Тотыққан кен және сульфидті кен өндірумен айналысатын кәсіпорын өндіріс көлемін жылдан жылға ұлғайтып келеді.Сульфидті кеннен мыс өндіру 2017 жылы басталды. Қазір мұндағы бірінші байыту фабрикасы жылына 25 миллион тонна кен өңдейді.Кәсіпорын өңірдегі әлеуметтік бастамаларға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. KAZ Minerals Aktogay компаниясы Аягөз ауданындағы өндіріс орнына жақын маңдағы ауылдардың дамуына атсалысады. Кәсіпорынды аралау барысында облыс әкіміне компанияның жұмысы таныстырылды. Өндіріс орнының өкілдері аймақ басшысына жолды жөндеу бойынша көмек көрсетуді сұрады. Облыс әкімі өңірдің аумағына кіретін жол бөлігін асфальттауға жәрдемдесетінін жеткізді. Аймақ басшысы кәсіпорынның жетекшілерімен пікір алмасу барысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында облысқа әлеуметтік нысандар салуға көмек көрсетуге шақырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -