Қорғаныс министрлігі "Тіл – татулық тірегі" байқауын қорытындылады
Оған Әуе қорғанысы күштерінің, Құрлық әскерлерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің, Әскери полиция бас басқармасының, Тыл бастығы басқармасының, Байланыс департаментінің, Ұлттық қорғаныс университетінің және 32039 әскери бөлімінің командалары қатысты. Бес адамнан тұратын командалар құрамында мемлекеттік тілді білетін үш өзге ұлт болды.Бірінші кезеңде олар қазақ ақындарының өлеңдері мен поэмаларынан үзінділер, сондай-ақ көркем шығармалардан монологтар оқыды. Содан кейін әр команда қазақ әдебиеті шығармаларының негізінде алдын ала дайындалған театрландырылған қойылым көрсетті. Негізгі талап – барлығы Отанды сүюмен, ұлттық құндылықтарды, мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеумен байланысты болуы керек. Одан өзге, қойылымдар жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ықпал ететін көрнекті тұлғаларға, тарихи фактілерге арналды. Соңғы кезеңде байқауға қатысушылар Қазақстанда тұратын этностардың әнін немесе биін орындады. Қазылар алқасы баға қою кезінде мәтінді білуді, оқудың мәнерлілігін, қазақ тілін меңгеру деңгейін, көркем үзінді идеясын аша білуді, сахналық шеберлікті, орындаушылық және би қабілеттерін ескерді.Іс-шараның жеңімпаздары мен қатысушыларын Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы полковник Ербол Құмарбекұлы құттықтады. Ол Қарулы күштерде мемлекеттік тілді қолдану аясы жылдан жылға кеңейіп, қазақ тілін меңгерген өзге ұлт әскери қызметшілерінің саны артып келе жатқанын атап өтті. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды 32039 әскери бөлімінің атынан қатысқан "Жаубасар" командасы жеңіп алды. Екінші орынды Әскери полиция бас басқармасының "Тәртіп сақшылары" командасы, үшінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің "Алаш" командасы иеленді."Көрермендер көзайымы" номинациясын Ұлттық қорғаныс университетінің намысын қорғаған майор Мақсатбек Тукуев иеленді, "Актерлік шеберлік" – Байланыс департаменті "Арыстан" командасының мүшесі кіші сержант Гүлсапар Әбдікәрім, "Көркем сөздің шебері" номинациясын – Әуе қорғанысы күштерінен капитан Шехзод Сабиров иелік етті. Жеңімпаз командалар Қорғаныс министрінің атынан грамоталар мен ақшалай сертификаттар алды. Жалпы байқау мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге, басқа ұлт өкілдерін қазақ тілін меңгеруге ынталандыруға және халықтар достығын нығайтуға бағытталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -