С. Жақыпова Алматы облысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматы облысына жұмыс сапары аясында Сүлейман Демирель атындағы университет алаңында жұмыс берушілермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша кеңес өткізді. ЕХӘҚМ басшысы Қазақстанда 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде енгізілетін өндірістік жарақаттануды төмендетудің жаңа тәсілдері туралы айтты.
Кеңесте сөйлеген сөзінде Светлана Жақыпова еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Осы саладағы ағымдағы жағдай туралы Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚК) төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов хабарлады.
Ол қабылданып жатқан шараларға қарамастан, биыл Қазақстанда өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша соңғы жылдары қалыптасқан оң динамиканы сақтау мүмкін болмағанын атап өтті.
Мәселен, осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша еліміздің кәсіпорындарында 700 жұмыскер зардап шекті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға артық (633 жұмыскер), оның 90-ы қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық (69 жұмыскер).
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 17%, құрылыс саласында – 13% және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында – 5% байқалады.
«Есепті кезеңде Алматы облысында өндірісте зардап шеккендердің саны 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3 еседен астам өсті (10-нан 27 адамға дейін), өліммен аяқталған жарақаттар саны да 3 есеге өсті (0-ден 3-ке дейін). Өңірде ең көп зардап шеккендер құрылыс саласының кәсіпорындарында байқалады – 31%», – деді Төлеген Оспанқұлов.
Жүргізілген тергеу материалдарын талдау көрсеткендей, адам өлімімен аяқталатын жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: жұмыскердің еңбекті қорғау мен еңбек тәртібінің талаптарын өрескел бұзуы – 33% (101 жағдай); жол-көлік оқиғалары – 11,4% (35 жағдай); жұмыс берушінің жұмыс жүргізуді қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы – 31% (96 жағдай).
Бас мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, ЕӘҚК-нің өңірлер бойынша жүргізген талдауы еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органдардың жұмыс берушілермен еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді жұмыс жүргізбейтіндігін көрсетті.
«2023 жылы еңбек инспекторлары кәсіпорындарды профилактикалық бақылау шеңберінде 173 тексеру жүргізді, ал биылғы 1 тоқсанда барлығы 11 тексеру жүргізілді. Бұл ретте Алматы облысында 2023 жылы және осы жылдың 1 жартыжылдығында кәсіпорындарға барумен профилактикалық бақылау шеңберінде бірде-бір тексеру жүргізілген жоқ. Бұл еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның әлсіз жұмысын көрсетеді», – деп атап өтті Оспанқұлов.
ЕӘҚК төрағасы Алматы облысының еңбек инспекциясы басқармасына жазатайым оқиғалардың себептерін жою жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді, өңірде өндірістік жарақаттанудың өсу себептері және қабылданған шаралар туралы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, талдамалық анықтама беруді тапсырды. Сондай-ақ өндірістік жарақаттану деңгейі жоғары әрбір кәсіпорында еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Статистикаға сәйкес, 2023 жылы тексерілген кәсіпорындардың 1 млн 692 мың қызметкерінің 519 мыңы (35%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді, оның ішінде Алматы облысында – зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда жұмыс істейтін 8,5 мың жұмыскерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқаруы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және еңбекақы мөлшерінің жоғарылауы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2023 жылы 697 мың жұмыскер 255 млрд теңге сомасына зияндылығы үшін өтемақы алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 23% - ға артық. Бұл соманы жұмыс берушілер еңбек жағдайларын жақсартуға жұмсаған болуы мүмкін», – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.
ЕӘҚК басшысы Еңбекминінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін шаралар кешені қабылданып жатқанын айтты.
2019 жылдан бастап 7 алтын ережені көздейтін «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыс басталды. Бүгінгі таңда осы тұжырымдамаға 580 кәсіпорын, ал Алматы облысында – тек 15 кәсіпорын қосылды.
Республика кәсіпорындарында 18 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеуде, онда 24 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмыс істейді. 2023 жылы олар 111 593 тексеру жүргізді, нәтижесінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының 142 мыңнан астам бұзушылығы анықталды, оның ішінде 121 мыңы жойылды.
«Алматы облысында 1171 өндірістік кеңес жұмыс істейді, онда еңбекті қорғау жөніндегі 1194 техникалық инспектор қызмет атқарады. Олардың әлеуетін пайдалану қажет. Өндірістік кеңестермен өзара іс-қимыл еңбек инспекторларының жұмысындағы бағыттардың бірі болуға тиіс.
Еңбек кодексіне норма енгізілді, оған сәйкес құрылыс алаңында бір мезгілде бірнеше ұйымдар (екі және одан да көп) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау жөніндегі жұмыстарды жалпы үйлестіруді бас мердігер жүзеге асырады, яғни тікелей бақылау жүзеге асырылады: бас мердігер – мердігер. Бүгінгі таңда 270 кәсіпорын осындай бақылау моделін енгізді, Қостанай облысында – 15. Бұл ретте, бұрын айтқанымдай, жарақаттанудың негізгі үлесі құрылыс нысандарына тиесілі. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», – деп атап өтті Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Кеңесті қорытындылай келе, Светлана Жақыпова өткен жылдың соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін атап өтті. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды, кәсіптік тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыруды, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамытуды, еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруды көздейді.
«Еңбекмині Тұжырымдаманы белсенді іске асыруға кірісті. Отбасының цифрлық картасына ұқсас Кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалды, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мониторинг үшін мәліметтерді мемлекеттік еңбек инспекторларымен қатар кәсіподақтар да енгізетін болады. Олар үшін кәсіпорындар картасында жеке жұмыс орны құрылады.
Барлық бизнес-процестер автоматтандырылады. Бұл жұмыс орнын бағалау, жеке қорғаныс құралдарын және басқа да кепілдіктерді ұсыну, барлық деңгейдегі еңбекті қорғау бойынша білімді тексеру», – деді ЕХӘҚМ басшысы.
Министрдің айтуынша, Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары үшін оң нәтиже күтілуде. Жұмыскерлер үшін – өмір сүру сапасын жақсарту және денсаулықты сақтау, жұмыс берушілер үшін – қауіпсіз жұмыс орындарын құруға және еңбек өнімділігін арттыруға экономикалық қызығушылық, мемлекет үшін – әлеуметтік-экономикалық даму және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар деңгейін төмендетуге, құзыреттерді арттыруға және еңбек жағдайларын жақсарту бойынша экономикалық ынталандыруды күшейтуге ықпал етеді деп үміттенеміз.
Алматы облысының әкімдігі мен өңірдің жұмыс берушілері Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және жұмыскерлердің еңбегін қорғау жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет», – деп түйіндеді сөзін Светлана Жақыпова.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -