ШҚО-да 2024 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау арқылы 27 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды.
ШҚО-да 2024 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау арқылы 27 млн теңгеден астам қаржы қайтарылды
ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаменті 2024 жылы азаматтарға 27 миллион теңгеден астам қаражат қайтарып берді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 95%-ға артық. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Департамент басшысы Асхат Сағидолдин мәлімдеді.
– Тұтынушылардың арыздарын қарау барысында Департамент сот процестеріне үшінші тарап ретінде белсенді түрде қатысып келеді. 23 сот ісінің нәтижесінде тұтынушыларға шамамен 20 миллион теңге қайтару туралы шешім шығарылды, – деді Асхат Сағидолдин.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша 2024 жылы 920 өтініш түскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75%-ға көп. Олардың 31%-ы бойынша оң шешім қабылданды. Негізгі шағымдар бөлшек және электрондық саудадағы құқық бұзушылықтарға, тұрмыстық және коммуналдық қызметтер саласына қатысты болды. Сапасыз тауарлар, тауарларды қайтару немесе ауыстырудан бас тарту, сондай-ақ интернеттегі алаяқтық мәселелері өзекті болып отыр.
Жылдың маңызды жетістіктерінің бірі – отандық өндірушілерді қолдауға және нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған «Сапалы Өнім» жобасының сәтті іске қосылуы болды. Тексерулер барысында зертханалық зерттеулер барлық тексерілген өнімдердің таңбалау талаптары мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұзғанын анықтады. Осыған байланысты құқық бұзушыларға айыппұл салынып, мерзімі өткен тауарлар сатылымнан алынды.
Сондай-ақ, 2024 жылы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Аймақтық комиссияның 90 отырысы өткізіліп, 180-нен астам құқық бұзушылық анықталды. Нәтижесінде күріш, қарақұмық, қант және жұмыртқа бағасы айтарлықтай төмендеді, ал май, картоп, пияз және қырыққабат бағасы едәуір өсті.
Нарықтарды жаңғырту бағдарламасы аясында 2025 жылдың соңына дейін «Заречный», «Заря» және «Орталық» сауда нысандарын жаңарту жоспарлануда. Бұл сауда және тұтынушыларға қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін дамытудағы маңызды қадам заңнамаға енгізілген өзгерістер болды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне енгізілген түзетулер тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтті. Енді құқық бұзушылықты қайталаған кәсіпкерлер жоғары айыппұл төлеуге міндеттеледі, ал тұтынушылардың құқықтары бойынша даулар үш есе жылдам шешілетін болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -