YESSENOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЖОБАЛАРЫ «ЖАС ҒАЛЫМ» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 149 МЛН ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ГРАНТ ҰТЫП АЛДЫ
Есенов университеті ғалымдарының 5 жобасы «Жас ғалым» жобасы аясында грантқа ие болды. «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» бағыттары бойынша зерттеу жұмыстарына Ұлттық ғылыми кеңес 149 миллион теңге көлемінде қаражат бөлді. Солардың бірі – «Солтүстік Үстірттің геология құрылысын зерттеп, жаңа кен орындарын ашу» жобасы. Ғылыми жобаны Есенов университеті докторанты Жанна Бекешова әзірледі. Ол Маңғыстауда Солтүстік Үстірт аумағында бұған дейін жүргізілген геофизикалық зерттеулердің нәтижелеріне сүйеніп, геологиялық құрылымдарды, олардың құрамын зерттемек.
«Президент өз Жолдауында осы пайдалы қазбаларға бай мемлекетімізде жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет екенін атап өтті. Сол себепті осы жобамның мақсаты – Солтүстік Үстірт аумағында жаңа кен орындарын ашу. 2016 жылдан бастап бұл аумақта үлкен геофизикалық зерттеулер жүргізілген. Сол зерттеулердің нәтижелерін қолдана отырып, біз осы жоба арқылы жаңа бағыттарды анықтаймыз. Қай жерде геологиялық құрылымдар бар екенін және олардың құрамына стратеграфиялық, литологиялық зерттеулерін жүргіземіз», - деді Жанна Бекешова.
«Жас ғалым» жобасының мақсаты – жоғары білікті және бәсекеге қабілетті зерттеушілерді қалыптастырып, талантты жастарды ғылымға тарту. Грант бөлінген жобалардың барлығы да өңір үшін маңызды. Мәселен, Асия Боранбаева «Маңғыстауда құрамында литий бар табиғи және сарқынды суларының иондық-тұзды құрамдарын зерттеу және литийдің өнеркәсіптік көздерін анықтауды» көздейді. Ал Мурад Кулиев «Батыс Қазақстан кен орындарында ұңғымаларды бекіту сапасын жақсарту үшін, технологиялық шешімдерді жетілдіру» тақырыбындағы жобаны зерттемек. Жас ғалым Альбина Хадиева болса, «Тұтқырлығы жоғары мұнай өндіруді интенсификациялаудың кешенді әдісін жетілдіру» тақырыбы бойынша ғылыми зерттеу жұмысын жүргізеді. Есенов университетінің ғылыми қызметкері Елдар Букаев «Жаңа құрылыс материалдарында әктас жыныстарының кесілген тастарын өндіру қалдықтарын пайдалану арқылы қоршаған ортаға әсерін азайту» мәселесін қарастырмақ.
«Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастырған «Жас ғалым» жобасына қатысып, грант ұтып алдым. Маңғыстау өңірінде көптеген тас кесу карьерлері бар. Бұл карьерлерде жұмыс барысында көптеген тас кесу қалдықтары пайда болады. Менің жобам осы тас кесу қалдықтарының көлемін азайту үшін жаңа құрылыс материалдарын жасап шығаруға қатысты болмақ. Осы жобаны жеңу арқылы мемлекет тарапынан жас ғалымдарға көптеген қолдаулар көрсетіліп жатқанына көзім жетті. Жоба аясында шетелге тағылымдамадан өтуге де мүмкіндік бар. Бұл білімімізді шыңдауға зор ықпалын тигізетіні сөзсіз», - деп атап өтті Елдар Букаев.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -