Ақтөбелік құтқарушы Нұрболат
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы № 8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Тәжіғұлов Нұрболат Тастемірұлы азаматтық қорғау органдарына қызмет атқарған кезеңнен бастап үнемі түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюға қатысып келеді.
Нұрболат құтқарушы - әлемдегі ең қажетті әрі жоғары тәуекелді қажет ететін маңызды мамандықтардың бірі деп есептейді. Осы ойын ісімен де талай дәлелдеген.
Мәселен биылғы жылы қақаған қарлы қыста өзінің әріптестерімен жол талғамайтын Трэкол көлігінің алдына түсіп, қатты боранда 18 км жаяу жүріп, 73 жастағы қарт адамды аман-есен ауруханаға жеткізді.
«Міндетіміз - адам өмірін құтқару. Көліктің ішінде жол көрінбеді. Әріптестеріммен кезектесіп жаяу жүрдік. Ауылдағы әжені аман-есен ауруханаға жеткіздік. Ол кезде марапат алу туралы ойламадық», - дейді құтқарушы Нұрболат.
Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін біздің кейіпкеріміз Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Нұрболат 2023 жылы газ өндіру зауытында газға толы цистерна жанып, тілсіз жаумен күресіп, төтенше жағдайлардың алдын алғаны өзі үшін үлкен тәжірибе екенін айтады. Түрлі оқиғалармен бетпе-бет келіп, күнделікті жұмыс секілді қабылдай білу үшін белгілі бір жан күйі мен салмақты мінез-құлық болуы керек деп есептейді маман.
Әсіресе Нұрболатқа өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығы денені шымыр, төтенше жағдайларда тез шешім қабылдай білуғе дағдыландырып, уақтылы, тәртіпті және күйзеліске төзімді болуына ықпал жасайтыны ерекше жағады. Жыл сайын ол дұрыс таңдау жасағанына көзі жеткізуде.
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -