Ақтауда Қарулы күштер сапына алынғандарды салтанатты түрде шығарып салды
Қаланың алаңында Маңғыстау облысынан әскерге шақырылғандарды шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, Әскери-теңіз күштерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскерге алынғандардың туған-туыстары мен достары қатысты.
Ақтау гарнизонының әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында 25 маңғыстаулық мерзімді әскери қызметін өткеретін болады.
Парламент депутаты Наталья Дементьева бұл күні қатты толқыды, өйткені әскерге жіберілетіндердің ішінде оның ұлы болды.
– Бүгін ұлдарымызды әскерге жіберіп отырмыз, олар онда шынығып, шымыр болып, өмірлеріне қажетті тәжірибе жинайды, Отанның нағыз қорғаушысы атанады. Балаларымызға шын жүректен абыроймен қызмет атқаруды тілеймін, – деді Н. Дементьева.
Маңғыстау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Руслан Балтеміров атап өткендей, қазіргі уақытта Қарулы күштер қатарына командаларды жіберу аяқталуда. Әскерге қабылданғандардың жалпы саны 300-ден асады. Бұдан бөлек, командаларды Ұлттық ұланға жіберу де жоспарланған.
Іс-шара әскерге шақырылушыларды шығарып салу бүкіл облыс үшін маңызды оқиға болғанын көрсетті. Маңғыстау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы болашақ сарбаздарға ұялы телефон сыйлады. Бұл ізгі ниет армия мектебінен өтетіндерге шын жүректен көрсетілген қолдау, қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағын білдірсе керек.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -