Агенттік басшысы қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізудің негізгі бағыттарын атады
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова қаржы секторын орнықты дамыту мәселелеріне және жаңа нұсқауға арналған дөңгелек үстелде құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараға Халықаралық қаржы ұйымының (IFC) және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысты. Дәстүрлі дөңгелек үстелді Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.
Агенттік басшысы қаржы секторы үшін ESG-күн тәртібінің өзектілігін атап өтті. Капитал нарығында (KASE және AIX) 2020 жылдан бері 643,5 млрд теңгеден астам сомаға ESG-облигациялардың 27 шығарылымы тіркелген. ESG-ден хабардар болу бойынша PwC зерттеуінің (ESG Awareness) нәтижелеріне сәйкес Қазақстанда пікіртерімге қатысқан компаниялардың хабардарлық деңгейі 97%-ды құрайды. Компаниялар ESG үрдістері мен олардың ұйымға әсерін нақты түсінетінін көрсетіп отыр.
«Қаржы ұйымдарын ESG-тәуекелдерді ескере отырып реттеу мен қадағалаудың халықаралық практикасы белсенді дамып келеді, жаңа стандарттар мен тәсілдер пайда болуда. Осы сатыда Агенттік өзі үшін қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізудің үш негізгі бағытын айқындап алды. Бұл ESG тәуекелдері туралы ақпаратты жария ету және орнықты қаржыландыру мәселелерінде құзыреттілікті арттыру, ESG тәуекелдерін басқарудың ішкі жүйелерін дамыту, қадағалау жүйесіне ESG тәуекелдерін енгізу», - деп хабарлады Мәдина Әбілқасымова.
Бірінші бағытты іске асыру үшін өткен жылы Агенттік IFC-мен бірлесіп ESG-ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқау әзірледі. Ағымдағы жылы құжат ұсынымдық сипатта қолданылатын болады, 2025 жылдан бастап міндетті болады.
«Біз қаржы ұйымдарының аталған Нұсқауды орындауына мониторингті бастадық. Алдын ала мәліметтер бойынша, бүгінгі күні 18 қаржы ұйымы, оның ішінде 10 банк өздерінің 2023 жылғы жылдық есептерінде ESG ақпаратты жария етті. Тұтастай алғанда, қор нарығында ESG-ақпаратты жария ететін листингтік компаниялардың саны 79-ға жетті. Жыл соңына дейін біз талдауды аяқтаймыз және қоғамды оның нәтижелері жөнінде және біздің ұсыныстарымыз қаржы ұйымдарына өз қызметінде ESG қағидаттарын іске асыруға қаншалықты көмектескені жөнінде хабардар ететін боламыз», – деді Агенттік Төрағасы.
ESG мәселелері бойынша қаржы нарығының сараптамалық әлеуетін арттыру мақсатында Агенттік IFC, ЕҚДБ, АДБ және «үлкен төрттіктің» компанияларын қоса алғанда, халықаралық ұйымдармен бірлесіп орнықты қаржыландыру саласында оқыту семинарлары мен тренингтер өткізіп тұрады.
«Алдағы уақытта Агенттіктің қадағалау практикасына банктер үшін климаттық тәуекелдерді стресс-тестілеу өткізу рәсімдері енгізілетін болады. Бұл климаттың өзгеруінің сын-қатерлері алдында қаржы жүйесінің осалдығын бағалау үшін қажет. Мұндай стресс-тестілеу қаржы жүйесінің орнықтылығын нығайту үшін ерте шаралар қабылдауға мүмкіндік береді және табиғи апаттар сияқты климаттың өзгеруіне байланысты ықтимал қауіптерді анықтауға көмектеседі», - деп хабарлады Агенттік басшысы.
Дөңгелек үстел барысында қатысушыларға Агенттік IFC-мен бірлесіп дайындаған банктер мен басқа да қаржы ұйымдары үшін Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқау таныстырылды.
Мәдина Әбілқасымова қазіргі уақытта қаржы реттеушісі ағымдағы жылдың соңына дейін қабылданатын банктердің кредиттік портфельдерінің Көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқауды әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Құжатта шығарындылар бойынша ақпаратты жинау және есепке алу рәсімдері, есептілік жүйесі, сондай-ақ шығарындыларды есептеудің дәйектілігіне бағалау жүргізу рәсімдері көзделеді. Бұл тәсіл экологиялық әсерді бағалауда дәйектілік пен ашықтықты қамтамасыз етеді, бұл қаржы ұйымдарына қоршаған ортаға өздерінің әсерін жақсы түсінуге және оны төмендету стратегияларын әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді Агенттік Төрағасы.
Алдағы уақытта жасыл қаржыландыру нарығы бойынша бақылау және статистика құралдарын енгізу мақсатында Агенттік банктер мен басқа да қаржы ұйымдары үшін есептілік үлгілерін әзірлеуді жоспарлап отыр.
Қаржы ұйымдарының ESG қағидаттарын енгізуі қаржылық қызметтердің сапасын, ашықтығын және сенімділігін арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Агенттіктің сыртқы коммуникациялар Басқармасы
+7 (727) 237 10 89
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -