Алматы қаласы мәслихатының кезекті XIX сессиясы өтті
Бүгін Алматы қаласы мәслихатының кезекті XIX сессиясында депутаттар 2023 жылғы қала бюджетінің атқарылуы туралы жылдық есепті бекітті және 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізуді қолдады.
Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин өткен жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасы 10,1%-ға өскенін, бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті. 2023 жылы өндірілген ЖӨӨ көлемі 24,8 трлн теңгені құрады, ал республиканың ЖӨӨ–дегі Алматының үлесі өңірлер арасында ең жоғары көрсеткішке - 20,6% жетті.
Жергілікті бюджеттің барлық түсімдерінің жалпы көлемінің 88,5% құрайтын салық көрсеткіштері бойынша жоспар 2023 жылы асыра орындалды. Қала бюджетіне барлығы 1 трлн 647,4 млрд теңге түсті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес 2023 жылғы бюджет әлеуметтік бағдарланған және 1 трлн 501,5 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік салаға (білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және туризм) шығындар 580 млрд теңгеге жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 25%-ға артық.
Өткен жылдың маңызды жетістіктерінің ішінде – сумен жабдықтауға қолжетімділікті 99,3%–ға дейін арттыру және коммуналдық желілердің тозуын төмендету: сумен жабдықтау – 54,3%-ға дейін, су бұру - 57%-ға дейін, жылумен жабдықтау - 57,9%-ға дейін. 200 км жолға орташа жөндеу жүргізіліп, 83,4 км троллейбус желілері жаңартылды. 2023 жылы жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 3 050 пәтер сатып алынды, 3 969 орындық 14 жаңа студенттік жатақхана ашылды.
Естеріңізге салсақ, 2023 жыл жаңа «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды» іске асырудың бірінші жылы болды.
Алматының тексеру комиссиясы 2023 жылғы қала бюджетінің орындалуы туралы есепті оң бағалады, бұл ретте тарихи себептерге байланысты және жылдарға созылған жоспарлау мен орындаудағы жүйелік кемшіліктерді атап өтті. Комиссияның барлық ұсынымдары бюджеттік тәртіпті және бюджеттің атқарылу сапасын арттыруда ескерілетін болады.
Сессия барысында депутаттар әлеуметтік маңызы бар жобалар мен іс-шараларға, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылуы қысқартылған инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған бюджетті нақтылауды қолдады.
Алматы қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбековтың айтуынша, бюджетке өзгерістер 2023 жылғы бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау нәтижесінде пайда болған қаражаттың бос қалдықтары есебінен, сондай-ақ бюджет қаражатын ішкі қайта бөлу есебінен жүргізіледі.
Атап айтқанда, төрт денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге қаражат бөлінеді, бұл медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және пациенттер мен медициналық персонал үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ағымдағы жылы мәдени және білім беру ресурстарын ұсынудың инновациялық 20 дербес өзіне-өзі қызмет көрсету кітапхананы орнатуға қаражат көзделген. Бұл кітапханалар орналасқан жеріне қарамастан қаланың әртүрлі нүктелерінде ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Бірнеше жылдан бері қала тұрғындарының сүйікті қысқы демалыс орнына айналған 12 тегін мұз айдынын қаржыландыру жалғасуда. Ақсай өзенінде су жинау құрылысының және су дайындау станциясының құрылысы жалғастырылатын болады. Бұл жоба қазір жергілікті қаражат есебінен жүзеге асырылуда. Құрылысты аяқтау Наурызбай ауданының Тастыбұлақ, Таужолы, Ақжар және Шұғыла шағын аудандарының 100 мың тұрғыны, сондай-ақ Алматы облысының Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарының 40 мың тұрғыны үшін сумен жабдықтау проблемаларын шешеді.
Бұдан басқа, Алматы әкімдігінің жобалық кеңсесінің қолдауымен іске асырылатын «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде сегіз жаңа мектепке кірме жолдар мен автомобиль тұрақтарын жайластыруға қаражат бөлінді, бұл білім беру мекемелеріне ыңғайлы және қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Қаланың көлік қатынасын жақсартуға қатысты биылғы жылы ұзындығы 2,3 км болатын Құлжа трактісі стратегиялық магистралін қайта жаңарту аяқталады, бұл учаскенің өткізу қабілетін екі есеге арттырады.
Сонымен қатар, мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың бастамасымен Алматыда алғаш рет зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы «Алтын жас» бағдарламасы іске қосылады. Шағын және орта бизнес ұйымдарында, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында жұмысқа орналасатын қалада тіркелген зейнеткерлер қатыса алады. Зейнеткерлердің жалақысы жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді (белгіленген жалақының кемінде 50%) және жергілікті бюджеттен субсидияланады (50%, бірақ 1 ЕТЖ немесе 85 мың теңгеден аспайды). Бағдарламаға қатысу мерзімі - еңбек қатынастарын мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігімен 36 айға дейін. Осы бағдарлама шеңберінде 2024 жылы кемінде 500 адамды, 2025 жылы 1000 адамды және 2026 жылы 1500 адамды қамту жоспарлануда. 2024 жылға жылына бір адамға 12 ЕТЖ есебіне сүйене отырып, 500 қатысушыны қолдау үшін 382,5 млн теңге бөлінді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -