Алматыда Non-Food Asia Expo көрмесі ашылды
Халықаралық деңгейдегі шараны еліміздің Сауда және интеграция министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды. Көрмеге қойылған өнімдер негізінен сауда желілері мен маркет-плейстерге арналған. Оған 20 елден 200-ге жуық түрлі шетелдік компания қатысып, өздері шығарған өнімдерін ұсынды.
NON-FOOD ASIA EXPO көрмесі осымен елімізде үшінші рет өтіп жатыр. Бұл шара осы уақыт ішінде сатылымның көлемі мен ауқымын кеңейтуге, тапсырыс берушілер базасын ұлғайтуға мүмкіндік жасады. Сондай-ақ, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің ірі бөлшек сауда желілеріне, маркетплейстерге, шетелдік және отандық тауар өндірушілер арасында байланыс орнататын тиімді алаңға айналды.
Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Айжан Бижанованың айтуынша, көрме ішкі және сыртқы сауда айналымының өсуіне оң ықпал етеді.
«Жалпы біз өндірушілер мен бизнесмендер бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, сол арқылы тауар айналымын, халықаралық сауда айналымын жақсартса екен дейміз. Іскерлік бастамаларын қолдаймыз. Яғни бұл көрме қосымша инвестиция тартатын диалог алаңына айналды десек те болады. Мұнда үйге керектің бәрі бар. Тұрмыстық химия өнімдері мен косметикадан бастап, балалар ойыншықтарына дейін қойылған. Атап айтқанда, тікелей өндірушілер мен нарықта кеңінен танымал компаниялардың 300-ден астам брендін көре аласыз» - деп атап өтті Айжан Бижанова.
Елена Миляева, Mayer Expo Asia ЖШС бас директоры: - Біздің көрменің міндеті осында арнайы келген компаниялардың өнімдерінің нарыққа шығуына жағдай жасау. Олардың шикізат жеткізушілерді, жаңа дистрибьюторларды табуына көмектесу деп білем. Көрмеде шағын және орта бизнестің түйіткіл мәселелерін шешуге көмектесетін бағдарламалар да өтіп жатыр. Көрме кеңес беру орталығының жұмысына да баса мәне береді. Яғни мұндағы мамандар Еуразиялық Экономикалық Одақ пен Азия елдеріне импорт және экспортқа қатысты сұрақтарға жауап береді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -