Алматыда оқушылар арасында «Былғары доп» турнирі өтті
Шалғайдағы гарнизондар әскери қызметшілерінің балаларына арналған жарысты Орталық спорт клубы ұйымдастырды.
Турнирге Сарыөзек, Гвардейск, Үшарал, Шымкент, Аягөз және Өскемен қалаларынан келген 9 жастан 11 жасқа дейінгі 40-тан астам футболшыдан құралған алты команда қатысты.
Жас спортшылардың тартысқа толы ойынын футбол ардагерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Төлегенов, футболдан спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Катков және футболдан спорт шебері запастағы капитан Олег Трофимов тамашалады.
Финалдық матчтар аяқталғаннан кейін турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ресми марапаттау рәсімі өтті.
– Финалдық ойындар әсерлі болды, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов. – Турнирдің басты мақсаты – әскери қызметшілердің балалары мен отбасы мүшелерін спортпен және дене шынықтырумен айналысуға тарту жұмысын жандандыру. Бұл тәсіл бұқаралық спортты дамытуға көмектесетініне сенімдімін.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Сарыөзек аяқдопшылары иеленсе, екінші орынға Гвардейск гарнизонының намысын қорғаған балалар тұрақтады. Үздік үштіктің қатарына Үшарал қаласының футболшылары қосылды. Гвардейскілік спортшы Рауан Бақытбай турнирдің үздік шабуылшысы деп танылса, ал үздік қақпашы атағын Сарыөзектен келген Аян Сыдықов иеленді. Турнир жеңімпаздары кубокпен, ал жүлдегерлер грамоталармен және медальдармен марапатталды.
Жас футболшылар үшін арқан тарту сайысы ұйымдастырылды. Мұнда шымкенттік балалар бәрінен басым түсті. Аягөздік аяқдопшылар екінші орынды иеленсе, өскемендік спортшылар үшінші орынға тұрақтады.
Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі басшылығының қолдауымен ОСК спорттық базаларында әскери қызметшілердің балаларына арналған футбол, қазақ күресі, бокс, таэквондо, армиялық қоян-қолтық ұрыс және басқа да спорт түрлері бойынша тегін секциялар ашылған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -