Алматыда ОА елдері арасында әскери-медицина мамандарының курсы өтуде
ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығында (KAZCENT) Алматыда ЕҚЫҰ-ның Душанбедегі бағдарламалар кеңсесі ҚР ҚМ Қару-жарақты бақылау және инспекцияларды қамтамасыз ету орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «Жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру жөніндегі операцияларды медициналық қолдау» өңірлік курсы басталды.
Бағдарлама Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қазақстанмен қоса, Орталық Азия елдері Қарулы күштерінің әскери-медициналық персоналын оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Курстың негізгі мақсаты минаға қарсы қызметтің халықаралық стандарттарына сәйкес ерекше білім мен жоғары жеделдікті талап ететін жағдайда әскери-медициналық персоналды жұмысқа дайындау болып табылады. Курсқа қатысушылар төтенше жағдайлар кезінде алғашқы шұғыл медициналық көмекті тиімді көрсету үшін қажетті теориялық аспектілерді де, практикалық дағдыларды да үйренеді.
– Медициналық мамандарға жарылғыш заттарды залалсыздандыру операцияларына тән стандартты емес жағдайда іс-әрекеттерді пысықтауға көмектесетін практикалық жаттығуларға ерекше назар аударылады, – деді Душанбедегі ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің медициналық нұсқаушысы Мохиниссо Акрамова. – Курсқа қатысушылар жарылыстардан жарақаттанғандарды дер кезінде қарауды, сондай-ақ аз уақытта және шектеулі ресурстар жағдайында медициналық көмек көрсетуді үйренеді, бұл олардан ерекше тиімділік пен дәлдікті талап етеді.
Курс бағдарламасындағы оқу процесі әртүрлі операцияларда медициналық қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде мамандарды орын алуы мүмкін нақты жағдайларды барынша үйретуге арналған. ҚР ҚМ Бітімгерлік операциялар орталығында өткізілетін интерактивті дәрістер қатысушыларға медициналық қамтамасыз етудің озық әдістерін меңгеруге, сондай-ақ халықаралық стандарттармен және хаттамалармен танысуға мүмкіндік береді. Оған қоса тыңдаушылар минаға қарсы іс-әрекеттің негізгі аспектілері, төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету, жаралыларды эвакуациялауды ұйымдастыру және төтенше жағдайда басқа да оқиғаларда қалай іс-әрекет жасаумен танысады.
Қорғаныс министрлігі Әскери медицина орталығында өткізілетін практикалық бөлім осы білімді жаттығу үдерісінде бекітуге мүмкіндік береді. Оқу модульдері жарылғыш заттарды залалсыздандыру операцияларына қатысу кезінде әскери-медициналық персонал болуы мүмкін нақты жағдайларды модельдеуді қамтиды. Тыңдаушылар далада шұғыл көмек көрсету, медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыру және зардап шеккендерді эвакуациялау бойынша дағдыларды пысықтап, бекітеді.
Мұндай кешенді тәсіл жарылғыш заттарды залалсыздандыру жөніндегі операцияларды медициналық қолдауға байланысты кез келген сын-тегеуріндерге әзір тұратын мамандарды жоғары деңгейде даярлауды қамтамасыз етеді. Курс барысында әскери-далалық медицина мамандарына тәжірибе алмасуға, озық тәжірибелерді талқылауға және көрші елдердің әріптестерімен кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік беріледі.
Бұл курс – өңірдегі әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен медициналық даярлығын нығайту жолындағы маңызды қадам және елдер арасындағы жедел дайындық пен өзара іс-қимылды арттыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -