Алматы облысында жаңа «Hyundai Shin-Line Hospital» ауруханасының құрылысы: медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жоба
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Шин-Лайн» компаниясының және Оңтүстік Кореяның Hyundai ауруханасының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған ауқымды жоба – жаңа көпсалалы аурухананың құрылысы – басты назарда болды.
Байсерке ауылындағы әлемдік деңгейдегі аурухана «Hyundae Shin-Line Hospital» деп аталатын жаңа жоба, Байсерке ауылында 14 781 шаршы метр аумақта заманауи емхана салуды көздейді. Көпсалалы аурухана 200 төсек-орынға есептелген және пациенттерге ортопедия, травматологиядан бастап, кардиология мен нейрохирургияға дейінгі қызметтердің кең спектрін ұсынатын болады.Құрылыс бюджеті 72 миллион АҚШ долларына бағаланып, жоба қазақстандық Shin-Line компаниясы мен оңтүстіккореялық Hyundai ауруханасының бірлескен кәсіпорны ретінде жүзеге асырылады. Жаңа аурухана 2027 жылы есігін айқара ашады деп күтілуде, ол Алматы облысының тұрғындарына жоғары сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін, маңызды медициналық орталыққа айналады.
«Шин-Лайн және Hyundai ауруханасы сияқты ірі серіктестермен ынтымақтастық біз үшін бірегей мүмкіндіктерге жол ашады. Заман талабына сай аурухана мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдің дамуына үлкен үлес қосады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Назарда әлеуметтік жауапкершілік пен тәжірибе алмасу
«Шин-Лайн» компаниясының президенті Андрей Антонович Шин компания өз рөлін тек бизнесті дамытуда ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік бастамаларда да көретінін баса айтты: «Біз үшін халықтың өмірін жақсартатын жобаларға инвестиция салу маңызды. Жаңа аурухана медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар білім алу мен тәжірибе алмасу алаңына айналады деп ойлаймыз», - деді Андрей Шин.
Hyundai ауруханасының президенті Ким Бу Соп Қазақстан олардың компаниясы үшін стратегиялық маңызды серіктес екенін және бірлескен жобалар халықаралық байланыстарды нығайта түсетінін айтты: «Біз Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысу мүмкіндігіне ие болғанымызды мақтан тұтамыз. Жаңа медициналық орталық маңызды нысан ғана емес, сонымен қатар біздің мамандар арасындағы білім алмасу кеңістігі болады», - деді ол.
Кездесу «Shin Line» және «Hyundai» ауруханасы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды. Құжат медицина саласындағы бірлескен бастамаларды және тәжірибе алмасуды көздейді, бұл тараптардың пікірінше, аймақтағы медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Hyundai Shin-Line Hospital» жобасы Алматы облысының медициналық инфрақұрылымына елеулі үлес болып, оның тұрғындарының сапалы емделуге қолжетімділік деңгейін арттырады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -