«Алтын сақа» ертегісі тұңғыш рет 3D форматта сахналанды
Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Алтын сақа» ертегісі тұңғыш рет 3D форматта сахналанды. Жалпы бұл ертегі Б. Римова театрында 1979 жылы қойылған еді. Ол кезде көрерменге Мұхтар Қамбаровтың режиссерлығымен ұсынылған. Бүгінгі күні аталмыш ертегіні Мерей Әжібеков 45 жыл өткенде жаңа форматта қайта жаңғыртты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Алтын сақада» жақсы мен жаманның, үміт пен күдіктің, адалдық пен аярлықтың күресін бейнелейтін өзекті тақырып қозғалған.
Осыдан бірнеше күн бұрын ертегінің бас кейіпкерлері мінген кабриолет көлігі Талдықорғанды аралап, ертегінің премьерасын жарнамалаған болатын. Жаңа форматтағы ертегі қойылымының насихаты көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Театр залына жиналған көрермен премьераның расында ерекше қойылым екеніне көз жеткізді.
Ертегіні қою барысында режиссердің дыбыстық және визуалды арнайы эффектілерді тиімді қолдануы балалардың туындыны қабылдау әсерін молайтуға ықпал етті. Оған қоса жаңа форматтағы спектакль түрлі-түсті декорациясымен, кейіпкерлердің ерекше көз тартарлық киім үлгісімен де кішкентай көрермендерді тәнті етті. Негізінен бес жастан асқан балаларға арналған қойылым болғанына қарамастан, оған ересек жастағылардың көптеп келгенін де атап өту керек.
– Бүгінгі балаларды бірдеңемен таңғалдыру қиын. Дегенмен «Алтын сақаны» фэнтези жанрында 3D форматта қойған жөн деп шештік. Актерлік шеберлік өз алдына, спектакльде заманауи техникалық мүмкіндіктерді молынан пайдаландық. Қойылымды көрермендер жақсы қабылдады, – дейді Мерей Әжібеков.
Театр ұжымы қызықты қойылым көрсетілімі бұдан былай да жалғасатынын айтып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -