AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ ИННОВАЦИЯЛЫҚ СУ СҮЗГІЛЕРІН ӘЗІРЛЕДІ
Мемлекет басшысы ағынды суларды тазарту инфрақұрылымын жаңғырту және су айдындарының ластану мәселесін шешу қажеттігін бірнеше рет атап өткен. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары тұрмыстық және өндірістік мақсаттарда қолданатын инновациялық отандық су сүзгілерін әзірледі.
Жақында С.Аманжолов атындағы ШҚУ құны 125 000 000 теңге тұратын су тазартатын сүзгі өндіретін L-BW 380 жабдығын сатып алды. Жаңа техника сүзгілерге қажетті сапалы корпустар жасауға мүмкіндік береді.
Ғылыми қызметкерлердің айтуынша, өнімді нарыққа бір жылдың ішінде шығару жоспарланған. Осы уақыт аралығында ғалымдар тобы техникалық білім алып, сүзгі жасайтын жұмыс орнын дайындаулары қажет.
«Су объектілерін тазарту үшін композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы әлемдегі өзекті мәселелердің бірі – ауыз су сапасының төмендігін шешуге бағытталған. ШҚУ ғалымдары биополимерлер, керамикалық және көміртекті материалдар негізінде графит оксидімен модификацияланған сүзгілеуші композициялық сорбенттер өндірісін жолға қоймақ. Сондай-ақ оларды картридж түрінде құрастыруды және корпусын дайындауды университет базасында жүзеге асырады.
Алдағы уақытта қазақстандықтарға ауыр металдардан, микроорганизмдерден және органикалық қосылыстардан тазартылған су қолжетімді болады. Алғашқы отандық сүзгі ресейлік аналогтарға қарағанда бағасы арзанырақ. Ал тұрмыстық сүзгі 4-5 ай бойы қызмет етеді.
– Елдегі жерүсті су айдындарының шамамен 70%-ы ластанған. Бұл жағдайды, әсіресе, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарындағы өнеркәсіптік кәсіпорындар қиындата түсуде. Өндірістік көздерден шыққан ағынды сулардың шамамен 20%-ы тазартылмай, тікелей су айдындарына жіберіледі. Біз ұсынған жетілдірілген тазарту құрылғылары арқылы бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын, – деді жоба жетекшісі, университеттің аға ғылыми қызметкері Тілек Қуанышбеков.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті су ресурстарын қорғау ісіне айтарлықтай үлес қосып жатыр. Екі жыл бұрын «Гидроэкология, менеджмент және трансшекаралық су қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы енгізілген болатын. Оның басты мақсаты – гидроресурстар мониторингінде геоақпараттық әдістерді қолдана алатын, су ресурстарын экологиялық нормалар мен ұтымды пайдалану стандарттарына сай басқара алатын мамандар даярлау.
Осылайша ШҚУ гидрологтар, гидрохимиктер, сел мамандары, гляциологтар және табиғатты пайдалануда ГАЖ мамандарының резервін дайындап келеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -