Қарағандылық суретші қалалық сәулет өнеріндегі ою-өрнекті зерттеуде
Қарағандыдағы үйлердегі қазақ ою-өрнегін жергілікті суретші және өлкетанушы Юлия Ляндаева назарға алды. Ол осы өнерді зерттеп, каталог шығармақшы.
Шынында да, Қарағандыда ұлттық безендіру көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарда бар – бұл мәнерлеп жапсырылғар элементтер, розеткалар, терезелер мен есіктердің жақтаулары. Мұның бәріне суретші бірнеше жыл бұрын назар аударған. 2018 жылы Юлия Ляндаева "Қарағандыда жоғалып кетпейінше" жобасын іске қосты. Оның басты мақсаты фотосуреттер арқылы қала тарихын сақтау болды. 2022 жылы суретші Қарағанды бойынша авторлық экскурсиялар жүргізе бастады. Жылдан жылға материал көбейе түсуде.
– Қарағандыда көптеген қызықты ескі үйлер, маңдайшалар, қасбет бөлшектері, мозаика, барельефтер, панельдер бар. Уақыт өте келе ғимараттар қирайды, олардың барлығы дұрыс қалпына келтірілмейді. Мен тарихты кем дегенде фотосуреттер арқылы сақтағым келеді. Сондықтан қолда бар ақпаратты құрылымдау және каталог немесе брошюра шығару идеясы келді. Қала тұрғындарына қалалық сәулет өнеріндегі қазақ ою-өрнегінің бірегейлігі туралы айтып, қала тарихына деген қызығушылықты оятып, тарихи ескерткіштерге назар аударғым келеді, – дейді Юлия Ляндаева.
Бұл идеямен суретші қалалық әкімдікке хабарласып, қолдау тапты. Каталог шығаруға қаражат бөлінді. Оны дайындауға қарағандылық өнертанушы Лариса Карчевская көмектеседі.
– Алдымен біз ғимараттардың тізімін анықтадық. Олардың саны 50-ден асады. Бұл негізінен жаңа қала, Михайловка және Майқұдықтағы 2 және 4 қабатты тұрғын үйлер. Ою-өрнек типтік ғимараттарға ерекше әсер береді. Олар бір-бірінен керемет ерекшеленеді. Әлеуметтік мәдени тұрмыстық нысандар да бар. Мысалы, Кеншілер мәдениет сарайы. Баршамыз оны көрген болсақ та, әр түрлі ою-өрнектер барына мән бере қоймаймыз, бұл мен үшін де жаңалық болды, – дейді суретші.
Тізім жасағаннан кейін зерттеушілер фотосуреттерді түсіруге және таңдауға көшкен. Қазір ою-өрнектерді зерттеу жүріп жатыр. Мұрағаттарға, кітапханалар мен мұражайларға хабарласады. Ұлттық әшекейлердің әрқайсысы оқырмандардың кең ауқымына түсінікті сипаттамамен қамтамасыз етіледі.
Каталогты осы күзде үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығару жоспарлануда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -