Қарағанды облысында аз қамтылған ауыл тұрғындарына мал шаруашылығын дамытуға көмек беріледі
ҚР премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің тауар өндірушілерімен кездесті. Олар "Ауыл аманаты" жобасының тиімділігін, кірістерді арттыру жолдарын, сонымен қатар фермер болу мүмкіндіктерін талқылады.
– Ауылдың тұрғындары бір жыл ішінде қандай ауылшаруашылық өнімдерін тұтынатынын білуіңіз керек. Сол кезде әр әкім өзіне не қажет екенін, қандай жобалармен жұмыс істеу керектігін, қанша ақша бөлу керектігін түсінеді, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жобаны іске асыру жолдарын зерттеуде AMANAT партиясы барлық өңірлерді қарастырған. Халық қалаулылары ауылдағы аз қамтылған тұрғындар санын нақтылап, оларды шағын бизнеске тарту, сол арқылы кірістерді ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын құру жолдарын айқындады.
Премьер-министрдің кеңесшісі ауылда кооперативтер құру мәселесіне назар аударды. Кездесуде тауарлық несие бағдарламасының мүмкіндіктері туралы айтылды.
Несие алушы ірі шаруа қожалықтарынан малды жалға алып, малдың бір бөлігін өзіне еңбек ақысы ретінде жинай алады. Мемлекет бұл тарапта кепіл ретінде жалға алынған малды сақтандырады.
– Малды ғана емес, жайылымдарды, шабындық жерлерді де өзіміз беруге дайынбыз. Бізге де тиімді, себебі база салуға көп ақша құртудың қажеті жоқ. 500 басты ұстау үшін 30 миллион теңгеге база салу қажет. Екінші деңгейдегі банк немесе басқа қаржы мекемелері оны құнының 100% - на кепілге алмайды, – дейді "Нұрай Қарағанды" ЖШС директоры Серік Жүнісов.
Биыл "Ауыл аманаты" жобасы бойынша 1300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрып, 700-ден астам кредит беру жоспарлануда. Шамамен 124 ауылдық округ қамтылады.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау үшін техника мен жабдықтар сатып алу көзделген. Жобалар тек аграрлық ғана емес, басқа да тауар өндірісі, туризм сынды салаларды дамытуды жоспарлауда.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -