Қарағанды облысында Елорда күніне және Домбыра күніне орай 300-ден астам іс-шара өтеді
Бесінші шілдеде Қарағандыда екі халықаралық этнофестиваль – SARYARKA ART FEST және "Ортеке" фестивалін өткізеді. Қарағанды облысы Астана күніне және домбыра күніне дайындалуда. Өңір тұрғындары үшін барлығы 300-ден астам концерт, шеберлік сабақтары, қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.
"Ортеке" қазақ халық шығармашылығы фестивалі С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасында өтеді. Қытайдан, Моңғолиядан, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды қалалары мен Ақмола, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарынан және Ұлытау облысынан он тоғыз қатысушы көрермендерге өз шығармашылықтарын ұсынады.
SARYARKA ART FEST Cosmonaut қонақ үй кешенінің аумағында өтеді. Көрермендер Қарағанды, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және Ресейден келген жас және дарынды этнодизайнерлер жасаған ұлттық киімдерді тамашалай алады. Ал 6 шілдеде дизайнерлер өз жұмыстарын орталық саябақта – каскадтан жағалауға дейін аумақта көрсетеді.
Облыс әкімдігіндегі аппараттық кеңесте мерекелерге дайындық туралы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов айтып берді.
– Қалалар мен аудандарда мерекелік безендіру 3 шілдеге дейін аяқталады. Елорда күніне орай барлығы 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Бұл мерекелік концерттер, спорттық жарыстар, қайырымдылық және экологиялық акциялар, челлендждер, фестивальдар, тақырыптық көрмелер, – деді Нұрлан Бикенов.
Алтыншы шілдеде Орталық саябақтың жағалауында және Майқұдық саябағында, сондай-ақ Пришахтинск мәдениет үйінің алдында әртістер өнер көрсетіп, мерекелік шаралар, бейнелеу, қыш және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ спорттық жарыстар болады.
Сондай-ақ Орталық саябақта "Тақия FEST" флешмобы өтеді, дизайнерлер ұлттық бас киімдерді ұсынады.
Қарағанды хайуанаттар бағында аниматорлардың қатысуымен балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы және сабын көпіршіктері бар дискотека жоспарланған. 6 және 7 шілдеде кешке орталық саябаққа келушілер TENGRI және "ДАМУ", "Алатау серілері" топтарының орындауында этномузыканы тамашалай алады.
– 7 шілдеде Орталық мәдениет және демалыс саябағында "Домбыра бабалардың аманаты" флешмобы өтеді. Облыстың музыка мектептерінің, домбыра үйірмелерінің тәрбиеленушілері бірігіп Тәттімбеттің "Сарыжайлау", Құрманғазының "Сарыарқа", "Балбырауын", "Адай" және Дәулеткерейдің "Қосалқа" күйлерін орындайды, – деді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов аппараттық кеңесте.
Жас музыканттардың өнерлері Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің, "Аққу" фольклорлық-хореографиялық ансамблінің және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің дәстүрлі ән орындаушыларының қатысуымен өтетін концерттік бағдарламамен жалғасады.
"Арқа сазы" фольклорлық ансамблі 7 шілдеде Майқұдық саябағында концерттік бағдарламамен өнер көрсетеді.
Танымдық іс-шаралар облыстың мұражайлары мен кітапханаларында да өтеді.
Сонымен қатар, Долинка мен Шаханда екі көпфункционалды хоккей корты мен балалар ойын алаңдарының ашылуы мерекелерге орайластырылған.
Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев барлық жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда домбыра күні 2018 жылы құрылған, жыл сайын ұлттық мереке шілденің бірінші жексенбісінде өтеді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -