Қарағанды облысында өрт қаупін бақылау үшін дрондар пайдаланылады
Табиғи өрттің алдын алу үшін тәулік бойы мониторинг жүргізу, алдын алу және жедел ден қою үшін Қарағанды облысы ТЖ департаментінде жедел штаб жұмысын бастады. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, орман мекемелерінің және Қазгидрометтің өкілдері кірді.
Қарқаралы және Осакаров аудандарының орман аймағына ерекше назар аударылды. Қарқаралы және Бұйратау ұлттық парктеріне, сондай-ақ Кувск орман шаруашылығына Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларынан үш өрт сөндіруші бөлімше іссапарға жіберілді. Барлық күштер мен құралдар жауынгерлік дайындықта.
Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өрт қауіпті кезеңдегі алдын алу жұмыстары туралы баяндады.
– Қарағанды облысында өрт қауіпті кезең басталғаннан бері екі орман өрті және бес дала өрті орын алды. Бұл сандар былтырғыдан әлдеқайда төмен, – деді Мұрат Қатпанов. – Аймақта өрт пен жанудың алдын алу үшін орман алқаптарын, саябақтар мен гүлзарларды күзететін мобильді топтар құрылды. Олардың күш-жігерімен 400-ден астам рейд жүргізілді, 1200 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жиында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жағдайды бақылауда ұстап, өрт қауіпті жағдайлардың мониторингіне дрондарды белсенді тартуды тапсырды.
– Қырағылықты күшейту, орман алқаптарындағы рейдтер санын көбейту, табиғаттағы өрт қауіпсіздігінің бұзылуын қатаң түрде тоқтату қажет. Өрт қауіпті жағдайлардың мониторингі үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын тұрақты негізде тарту қаже, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы базарлар мен ірі сауда үйлерінің аумақтарында профилактикалық рейдтер жүргізу қажеттігін атап өтті. Ол жаппай сауда орындарында газ баллондарын пайдалануға жол берілмеуі керектігін атап өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -