Қарағанды облысының дәрігерлерін кәсіби мерекемен құттықтады
Қарағанды облысында 17 мыңнан астам медициналық қызметкер жұмыс істейді. Кәсіби мереке қарсаңында үздік қызметкерлерге ведомстволық наградалар табысталды. Ауылда жұмыс істеуге ниет білдірген жас мамандарға көтерме төлемақы берілді. Биыл облыста бұл сома 8,5 млн теңгеге дейін ұлғайды.
- Біздің медицина қызметкерлері жоғары құрметке лайық және тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әріптестері арасында танымал. Бізге облыс тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицинаның қолжетімділігін арттыру маңызды, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. - Қолда бар инфрақұрылымды жақсарту ерекше назар аударуды талап етеді. Дәрігерлердің жұмыс істегені, ал тұрғындар емдеу орындарына, заманауи медициналық мекемелерге келгенде көңілдері толғаны маңызды.
Өңір басшысы дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, амандық, денсаулық, табыс және жаңа жеңістер тіледі.
Құттықтауларға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қосылды.
- Қарағанды облысы әрқашан денсаулық сақтау саласының флагманы болған және болып қала береді. Оған сіздердің жұмыстарыңыз үлкен үлесін қосып жатыр. Сіздерге алғыс айтқым келеді және барлықтарыңызға зор денсаулық тілеймін! - деді министр.
Содан кейін ведомство басшысы марапаттау рәсіміне кірісті.
Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан 72 медицина қызметкері ведомстволық наградаларға ие болды. Ерен еңбектері үшін олар "Еңбек ардагері" медальдарын, "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" және "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгілерін алды.
Марапатталғандардың бірі - облыстық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі Галина Калиева. Ол осы мамандыққа 23 жыл өмірін арнаған. Қарағанды медицина академиясын бітіргеннен кейін педиатрияда қызмет еткен.
- Әрине, біз жиі күрделі жағдайларға тап боламыз. Біз пациенттеріміздің денсаулығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз, - дейді Галина Калиева. - Медицина - бұл менің болмысым, әрқашан дәрігер болуды армандайтынмын. Менің жұмысымды бағалағандарыңыз үшін рахмет. Бұл марапат одан да жақсы жұмыс істеуге, білім мен дағдыларымды жетілдіру керек деген жауапкершілікті жүктейді. Соңғы жылдары мемлекет, жергілікті билік денсаулық сақтауды жақсарту, дәрігерлер мәртебесін көтеру үшін көп жұмыс жасады.
Жас дәрігерлер облыс әкімінің қолынан ақшалай сертификаттар алды.
Шымкент қаласының тумасы Тұрсын Оразбай С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітіргеннен кейін Шет ауданының Өспен ауылына "Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында жұмыс істеуге келген.
- Мұндай көтерме төлемақылар біз үшін үлкен көмек. Еңбек жолын жаңадан бастаған дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалған, - дейді жас дәрігер. - Өз басым басқа әріптестеріме "Дипломмен ауылға!” бағдарламасына қатысуға кеңес беремін. Мен бала кезімнен дәрігер болғым келді. Барлық мақсатым сәтімен орындалғанына және адамдарға көмектесе алатыныма қуаныштымын.
Салтанатты бөлімнен кейін дәрігерлер кәсіби мәселелерді талқылады. "Медбикелер және денсаулық сақтау мен білім берудегі инновациялық технологиялар" атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Тәжірибелерімен Қазақстан, Беларусь және Өзбекстан мамандары бөлісті. Қазақстанда енгізіліп жатқан мейіргерлік қызметтің жаңа моделі таныстырылды.
- Бұл кездесу біздің білімімізді кеңейту, жаңа технологиялар туралы білу үшін өте маңызды. Медбикелер болашақта шетелдегідей дәрігерлерді алмастыра алады деп айта бастадық. Осы тәжірибені енгізуге дайынбыз. Реформалар пайдалы болатынына сенемін, - деді Қарағанды жоғары мейіргер колледжінің директоры Сәттар Әбдіғұлов.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -