Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев: Халыққа қызмет – абыройлы міндет
Еліміздегі әкімшілік-аумақтық өзгерістен кейін де екінші үлкен облыс болып қалған Қарағанды аймағының қым-қуыт тіршілігін бір сұхбатпен қамтып шығу әсте мүмкін емес. Қазақстанның индустриялық орталығы ретінде ғасыр бұрын мойындалған кеншілер мекені – талай тарихтың, небір дүбірлі дәуірдің куәсі. Өндірісті өлкенің өткені жылдар жылнамасында айшықты бедерленіп, тасқа таңбаланғандай болып аймақ тарихынан орын алғаны белгілі. Бүгінгі сергек қоғам мен бұқараны қызықтыратыны – қазыналы Қарағандының қазіргі тынысы. Ал, бүгінгі күні қай салада қандай істер атқарылып жатқаны, алдағы уақытқа қандай жоспар құрылғаны бірінші кезекте өңір басшысына белгілі болса керек. Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалғанына екі жылдай ғана болған Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев ел аузында білікті басшы, жаңашыл менеджер ретінде аталады. Бұл сөздің растығына өңір басшысымен Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты сұхбат барысында көз жеткіздік.
– Ермағанбет Қабдулаұлы, Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуеті зор екені белгілі. Қазіргі уақытта өңірдегі өндіріске инвестиция тарту мәселесі қай деңгейде? Аймақта қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға жасалып отырған қандай қадамдар бар?
– Биыл біз жалпы сомасы 250 млрд теңгеге он инвестициялық жобаны іске қосуды жоспарлаған едік. Жаңа өндіріс орындарында 3,5 мыңдай тұрақты жұмыс орындары ашылады. Айталық, Шет ауданында «Қызыл Арай Купер» катодты мыс өндірісін, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында – «Қарағанды Пауэр Силикон» кремний қорытпаларын өндіруді, Қарағандыда «Юнайтед Энерджи Қазақстан» жел энергиясы мұнараларын және «Феррум Бетон Продактс» темірбетон бұйымдарының өндірісін, «Саран» индустриялық аймағы мен РТБ зауыты алаңында «Саран Тракс» жүк автомобильдерінің өндірісін, «Тэмпо Қазақстан» түзу тігісті болат құбырлар өндірісін және «Қазақстандық ыстық мырыштау зауытында» мырышталған металл бұйымдар өндірісін іске қосу жоспарланған.
Жалпы, облысымызда инвесторлармен жұмыс істеудің нақты жүйесі қалыптасқан. Инвесторлардың идеялары көңілге қонымды болса, оларды басынан бастап, өндіріс іске қосылғанша жан-жақты қолдаймыз. Инвесторға ыңғайлы болуы үшін әрбір инвестициялық жобаға біз бірлесе жұмыс істеу үшін өз мамандарымызды қосып отырамыз.
«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының базасында Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. «Бір терезе» қағидаты бойынша жүргізілетін оның жұмысына әкімдік өкілдері ғана емес, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, прокуратураның, Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің, өзге де құқық қорғау органдары мен салалық басқармалардың өкілдері қатысады. Олар жүргізіліп жатқан жұмыстардың заңдылығын қадағалайды. Біздің мамандар құрылысқа рұқсат беретін құжаттар, визалық қолдау, сондай-ақ инвестициялық келісімшарт жасасу бойынша жәрдем көрсетеді.
Осындай инвестициялық саясаттан оң нәтиже көріп отырмыз. Соңғы үш жылда өңірімізге 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл да осы оң серпінді сақтап, 910 млрд теңгеден астам қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың алғашқы төрт айында облысымызға 200 млрд теңгеден астам инвестициялық қаражат құйылды.
Инвесторларды тарту үшін бізде «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Саран» индустриялық аймағы жасалғанын білесіздер. Бұл дегеніңіз инфрақұрылымы дайын, бизнес жүргізу үшін едәуір салықтық жеңілдіктері бар ірі өндірістік алаңдар. Саран қаласын дамыту моделіне ұқсас жұмыстарды басқа моноқалаларда да жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Өндіріске, ауыл шаруашылығына, туризмге, басқа да маңызды салаларға инвестиция тарту шаралары алдағы жылы да жалғасын табады. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда ашықтық керек. Жер телімі мәселесінде дау туындамауы тиіс. Түрлі себептермен жұмысы тоқтап қалған өндіріс орындарының тізімін жасап, олардың жағдайын, өзіміздің барлық мүмкіндіктерімізді тәптіштеп, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитетіне, «Самұрық-Қазына» холдингіне, шетелдердегі елшіліктерімізге жолдадық. Әлеуетті инвесторларды тарту үшін Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь мемлекеттеріне арнайы өкілдерімізді жіберіп, инвестициялық жобаларды таныстыру, ұсыну бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл бірінші кезектегі мәселелер. Инвестиция дегеніміздің өзі – жаңа жұмыс орындары, бюджетке түсетін қомақты салық қаражаты. Барлық деңгейдегі әкімдердің негізгі міндеті де осы. Бұл мәселе тікелей ел Президентінің бақылауында.
– Көктемгі су тасқыны кезінде Қарағанды облысындағы жағдай республиканың басқа өңірлеріне қарағанда біршама тұрақты болды. Алдын ала жасалған қауіпсіздік шаралары туралы айтып өтсеңіз. Алдағы кезеңге дайындық қалай?
– Дайындық жұмыстары жыл сайын «Су тасқынына қарсы іс-шаралар» жол картасы мен Инженерлік жұмыстар жоспарының аясында жүргізіледі. Соңғы жылдары бізде 274 км қорғаныс бөгеттері мен жолдары салынып, нығайтылды, 260 км өзен арналары тазаланды, 104 км су бұру арналары жасалды, 309 жол учаскесінде су өткізу көздері реттелді, 68 км кәріз жүйелерінің біразы жөнделіп, біразы жаңадан салынды. Осындай шаралардың арқасында 122 елді мекендегі су басу қаупін айтарлықтай азайттық және биыл сол жағдай қайталанар болса, дайын отырмыз деуге болады.
Негізі, көктемде болатын су тасқынына орай алғашқы жиынды біз қаңтар айында өткізген болатынбыз. Оған барлық тиісті құзыретті басқармалар мен мекемелердің өкілдері қатысты. Сол кезден-ақ биыл көктемде су тасқыны қатты болады деп болжаған едік. Өйткені, өткен күзде жерге өте мол ылғал түсті, одан кейін аяздар болды. Соның салдарынан жердің тоңы да 1,5-2 метрге дейін қалыңдағаны белгілі. Артынан қар да, жаңбыр да жауып, соңы тағы қатты аяздарға ұласты. Көктемде қарғын суының мол болатыны содан-ақ белгілі еді. Сондықтан, ерте бастан арнайы штаб құрып, оған өзім басшылық жасап, апта сайын әр аудан бойынша басшылардың есептерін тыңдап, тиісінше тапсырмалар беріп отырдым. Ауылдық елді мекендерде қар күреу, оны шығару, барлық техникаларды дайын ұстау жағы қатаң бақылауда болды. Атқарылған жұмыстарды Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өкілдері жер-жерге арнайы барып қадағалап отырды. Бөгет, плотина, су қоймаларында сақтық шаралары, барлық су жолдары мен арықтарды тазалау жұмыстары алдын ала жүргізілді. Соның нәтижесінде су тасқыны кезінде айтарлықтай шығын бола қойған жоқ. Барлық деңгейдегі әкімдер мен жауапты қызметкерлер жұмыла жұмыс істеп, белсенділік танытты. Биылғыдай су тасқыны, білетіндердің айтуынша, 2015 жылдан бері болмаған екен. Қала іргесіндегі момақан Соқыр өзенінің өзі биыл ерекше тасыды, білесіз.
Шет ауданының үш ауылында шығындар болды. Онда Шерубай-Нұраның суы қатты көтеріліп, елу шақты үйді су алды. Арнайы комиссия солардың алтауын қалпына келтіруге жарамсыз деген шешім шығарды. Бес үйдің иесіне тез арада баспана сатып әпердік. Алтыншы отбасыға салынып жатқан үй осы маусымның ортасына дейін берілмекші. Басқа қосымша шығындар, жөндеу, техника қажеттіліктері, мал шығыны тегіс өтелді. Оның бәрін өзім тікелей барып қадағаладым. Биылғы су тасқынынан сабақ алған тұстарымыз да болды. Кем соққан жерлердің бәрін ескеріп, келер жылдары соның бәрі ескерілетіндей жоспарларымызды қазірден әзірлеп қойдық. Бұл мәселе әкімдіктің аппарат жиындарында күн тәртібінен түскен емес. Алдағы уақытта су тасқыны болсын-болмасын, кез келген төтенше жағдайға жылдың қай мезгілінде де әзір болуымыз керек.
Биыл көктемдегі қызыл сумен жұмыла күресуде атқарған жұмыстарымызды Премьер-Министр де жоғары бағалап, ырзашылығын білдірді. Бұл дегеніңіз жекелеген адамдардың емес, бүкіл елдің үлкен жауапкершілікпен бір кісідей әрекет жасауының арқасында мүмкін болған нәтиже. Су басқан ауылдарда Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, «Астана» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлерімен бірге ауылдағы қарапайым азаматтар да көп еңбек жасады. 1 млрд 200 млн текше метр су бір арнаға құйылды, облыс аумағындағы өзен арналарымен 1,5 млрд текше метрдей су өтті.
Қазір біз 161 тармақтан тұратын Инженерлік жұмыстардың кезекті жоспарын іске асыруға кірісіп те кеттік. Өзен арналарын тазалау, қорғаныс бөгеттерін нығайту, автожолдардың су өткізу көздерін жақсарту, су нысандарын жөндеу сияқты жұмыстарды жалғастыра береміз. Осы жерде бізге су тасқыны кезінде көмекке келіп, жұмыла жәрдем жасаған құтқарушылар мен әскерилерге тағы да алғыс айтқым келеді.
– Қарағанды облысының қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де даму жоспарлары бар. Оның бәрі қыруар жұмыс және шетінен кезек күттірмейтін мәселелер. Осы орайда өңір басшысы ретінде өзіңізге қандай талап-міндеттер жүктейсіз?
– Өзіме де, өзге әріптестеріме де қояр басты талабым – халықтың кірісін арттырып, тұрмыс жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл мәселелер біртіндеп, жүйелі түрде шешіліп келеді, облыс бойынша, оның ішінде аудан-қалалардың әрқайсысы бойынша 2027 жылға дейін межеленген нақты жоспарларымыз бар.
Облыс орталығын, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай сияқты моноқалаларды дамыту үшін Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, Қарағанды агломерациясының кешенді жоспары әзірленуде. Сарапшылармен, ғылыми ортамен ақылдаса отырып, Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларын дамытудың жаңа тәсілдерін жасаймыз.
«Qarmet»-тің Болат департаментінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, болат, прокат және шойын өндірісін арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, «Шұбаркөл Көмір» мен «Шұбаркөл Премиум»-да көмір өндірісін ұлғайту қажет.
Қарағандыда тұрғын үйлер құрылысы қарқын алып келе жатқанын білесіздер, соны ескергендіктен 3-ші жылу-электр орталығынан тартылған магистральдық жылу жүйесінің құрылысы да аяқталуға жақын.
Биыл облыста шамамен 500 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі. Алдағы жылдары одан да көп болады.
«Саран» индустриялық аймағының өнеркәсіптік алаңында жан-жақты инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. «Qaztehna» автобустарының 2 мың бірлігін шығару жоспарланған болса, жыл басынан бері 330 автобус пен 81 коммерциялық техника дайын болды. Ал үстіміздегі жылы былтырғыдан он есе көп тұрмыстық техника шығаруды мақсат тұтқан «Silk Road Electronics» жылдың бастапқы төрт айында 23 мың бірлік техника шығарып үлгерді.
Біз қазір әріптестерімізбен бірге «Шағын өнеркәсіп аймақтары» жобасын қарастырып жатырмыз. Бұл жоба дайын өндірістік ғимараттар салу немесе өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолда бар ғимараттарды реконструкциялау үшін жеңілдікпен несие беруді көздейді.
Балқаш қаласы бойынша былтыр Үкімет Кешенді жоспарды бекіткен болатын. Қаланың әлеуетін ескере отырып, осы өңірдің инфрақұрылымы мен туристік әлеуетін арттыруға күш салып жатырмыз. Қаланың тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымы жақсартылу үстінде. Яғни, қаланың жылу жүйелері жаңартылуда, «Қоңырат» шағын ауданында кварталішілік жылу жүйелері салынды, үй аулалары абаттандырылып, көппәтерлі тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеті жөнделуде. Жағалау аймағын, қалалық жағажайды реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, облыстың барлық қалалары мен аудандарында инфрақұрылымдық жобалармен қатар басқа әлеуметтік инфрақұрылымды да дамыту үстіндеміз.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 2026 жылға дейін 18 мектеп салу жоспарланса, соның 10-ы биыл тұрғызылады.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы бойынша 14 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, тағы 27 нысанды осы 2024 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Облысымызды одан әрі серпінді дамытуға қазір біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді. Өңірімізді жетілдіру үшін барымызды саламыз деп сендіре аламын.
– Сіздің тапсырмаңызбен ауылды медициналық мамандармен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Біздің облыс ауылда жұмыс істегісі келетін жастарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін берілетін қаржы гранттарының көлемі бойынша көш бастап тұр. Сол шаралардың бүгінгі нәтижесі қандай?
– Иә, медициналық кадрлардың, әсіресе ауылда жұмыс істеуге дайын мамандардың тұрмыстық мәселелерін шешуге, қаржылай қолдауға тырысамыз. Биыл ауылдық жерлерден фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылды. Енді соларға мамандар тарту қажет. Былтыр ауылдық жерлерге 60 медициналық және фармацевтикалық қызметкер жұмысқа барып, оларға 246,5 млн теңге көтерме ақы төленді. Биыл облыстық бюджеттен ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға 407 млн теңге бөлінді. Аса тапшы мамандықтар бойынша салалық дәрігерлер 8,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы алады.
Бұған қоса, аудандық әкімдіктер мен медициналық ұйымдардың басшылары өз деңгейінде қызметтік баспана беру, маманның жұбайының жұмысқа орналасуына көмектесу, балаларын балабақшаға, мектепке рәсімдеу мәселелерін шешеді. Бейінді мамандарға сынақ мерзімінен өту нәтижесі бойынша коммерциялық айлықақы мен лауазымдық айлықақыға дербес үстемеақы белгіленеді. Сонымен қатар, әкімдіктер «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік қолдау, өңірге келетін мамандарға жеңілдікпен несие беру бойынша жұмыстар жүргізеді.
Биыл Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында 220 жас маман баспанамен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, медицина қызметкерлеріне жаңа тұрғын үй кешенін салу үшін «Жаңа қала» шағын ауданында 1 гектар жер бөлінді, қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландыру жолдары пысықталуда. Бізге ауыл халқына барлық қажетті көмектің жедел көрсетілуі маңызды, сондықтан біз дәрігерлерді ауылда жұмыс істеуге ынталандыра береміз.
– Жыл басында Қарағандыда тұрғын үй құрылысына қатысты дау туындап, үлескерлер тығырыққа тірелгені есімізде. Сол кезде сіз барлық жағдайды өз бақылауыңызға алып, даулы мәселені халықтың пайдасына шешуге ықпал еткеніңізді көпшілік жақсы біледі. Енді осындай келеңсіз жағдайлар қайталанбауы үшін қандай шаралар жасалды?
– Иә, шынында да, бұл құрылыстарды салушылар заңды белден басқаны оның үстіне үлескерлердің қаражатын да заңсыз пайдаланғаны белгілі болды. Өздеріңізге белгілі, осы тұрғын үй кешендері бойынша медиативтік келісімдер жасалды, яғни құрылысшыларға құжаттаманы ретке келтіруге, ғимараттардың қауіпсіздігін, тұрақтылығын растау үшін техникалық тексеру жүргізуге мүмкіндік берілді. Алайда, мұның бәрі болар іс болып, нәтижесінде қарапайым халық зардап шегейін деп тұрғандықтан ғана мәжбүрліктен жасалған шара болды.
Мұндай жағдай қайталанбауы үшін мен апта сайын қала әкімінің, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы, үлескерлер қаражатын тарту, басқа да шұғыл мәселелер бойынша есептерін тыңдаймын. Барлық басшыларға заңсыз құрылысқа жол бермеу міндеті жүктелген; егер ондай жағдай орын алса, алғашқы қазығы мен іргетасынан бастап қатаң шара қолданылады; күн сайын тексерулер жүргізіледі. Мұндай шаралар нәтиже береді, құрылыс салушыларды тәртіпке шақырады. Қазір біз жағдайды түгелдей бақылауда ұстап отырмыз.
– Облыс орталығын газдандыру жобасы қарқынды жүріп жатыр. «Таугүл», «Күнгей» шағын аудандарының тұрғындары газға қолымыз жете ме деп алаңдаулы. Сондай-ақ, қыста қала орталығындағы жеке тұрғын үйлерден шыққан түтін қаланың экожүйесіне кері әсерін тигізіп келеді. Бұл жобаны іске асыру қашан аяқталады?
– Қарағандыны газдандыру жобасы төрт кезектен тұрады және 16 іске қосу кешенімен қамтылады. Яғни, тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Газдандыру жобасы Қарағандымен қатар Теміртау, Шахтинск қалаларында да жүргізілуде. Барлығы 7621 үйге желі тартылып, соның 3442-сі газға қосылды.
Өткен жылы біз ТКШ жаңғырту орталығы арқылы Қарағанды мен Теміртау қалалары бойынша 300 үйді қосуға көмектестік. Биылғы жоспар 400 үй болса, әзірге соның 60-ына газ берілді.
Ал «Күнгей» мен «Таугүл» шағын аудандарына келсек, олар 6-шы іске қосу кешенінің 1-ші кезегіне кіреді. Қазіргі уақытта бұл аудандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Қаржыландыруда кедергілер болмаса, екі ауданға 2025 жылы газ беріледі. Халықтың газға неғұрлым тезірек қол жеткізуіне біз өзіміз де мүдделіміз.
Негізі, газ тартылған үйлер көбейген сайын, көмір жағатындар саны азайып, бұл қаладағы ауаның тазара түсуіне оң ықпалын тигізеді. Бұл мәселедегі ең үлкен проблемамыз Теміртау мен Балқаштың экологиясы болып отыр. Теміртауды «Қарметтің», Балқашты «Қазақмыстың» өнеркәсіп орындары ластап отырғаны белгілі. Теміртаудағы өндіріске газ тарту мәселесі шешілді, алдағы уақытта қала экологиясы тазара бастайды деп болжап отырмыз. Балқаш комбинатының күкірт қышқылы цехында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу 2025 жылы аяқталады. Содан кейін цехтың ауаны ластауы елу пайызға дейін азаюы тиіс.
Экология мәселесіне келгенде, қоқыс үйінділерін жою, су қоймаларын тазарту, ағаш отырғызу, көгалдандыру жұмыстары да біздің мойнымызда. Бұқпа өзенінің арнасын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталық саябаққа кірер тұсына арнайы сүзгі орнатылып, демалыс орнының су қоймасына таза су кіріп тұратын болады. Саябақтағы су қоймасының өзі сонау 1980 жылдардан бері тазаланбаған екен.
– Өңірдің медициналық мекемелерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Бұл бағытта жұмыстар жасалып та жатыр. Дегенмен, Қарағанды облысы елімізде онкологиялық дертке шалдыққандардың саны бойынша алдыңғы орындардың бірінде… Мұның себебі аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлығы емес пе?
– Біздің облыста онкопатологиямен сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі мен өсуі, бүкіл әлемдегідей, медициналық ұйымдардың ісікке дейінгі және ісік патологияларын уақытылы анықтау бойынша жұмыстарына байланысты. Ол дегеніңіз – профилактикалық тексерулер, скринингтер және ісік алдындағы патологияны динамикалық бақылау. Айта кету керек, кейінгі үш жылда онкологиялық дерттерді емдеуге болатындай ерте анықтау жағдайлары арта түскен.
Пациенттерді диагностикалау мен емдеу үшін, оның ішінде онкологиялық қызметтер үшін ауруханаларымызды заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге қомақты қаражат бөліп келеміз. Мәселен, бүкіл еліміздегі небары үш томотерапия аппаратының біреуі біздің Қарағандыда. Онкологиялық қызметті дамытудың кешенді жоспары аясында сәулелік терапияға арналған желілік үдеткіш аппараттың тағы да екеуін орнатамыз. Жаңа Химиотерапия орталығы ашылды.
Бір қынжылтатыны, медицина мамандарының айтуынша, аурудың асқынуына бірден-бір себеп – сырқаттардың медициналық көмекке тым кеш жүгінуі. Емханалар скринингке, профилактикалық тексерілуге қанша шақырса да, көпшілік оларды елемейді. Әркім өз денсаулығы үшін анда-санда болса да дәрігерге қаралып тұрса, көп аурудың алдын алуға болар еді.
– Ермағанбет Қабдулаұлы, қарағандылықтар үшін биыл қала келбетінде қандай өзгерістер болады?
– Жалпы, мен қаланы дамытуда шет жақ, қалтарыс деп бөлмеймін. Ешқашан жол болмаған, тіпті қарапайым балалар алаңқайы жоқ шеткері аудандарға биыл екінші жыл абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Балаларды қорғау күні қаланың Пришахтинск тұрғын аумағында заманауи оқушылар сарайын аштық. Майқұдықта да осыған ұқсас құрылыс салсақ деп жоспарлап отырмыз.
Қаланы көркейту жайына келсек, Қазыбек би ауданы бойынша 20 балалар ойын алаңын, Халық қатысатын бюджет жобасы бойынша тағы 20 ауланы, 9 футбол алаңын, Н. Әбдіров даңғылы бойынша үш ауланы кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жеті саябақты ағымдағы жөндеуден өткіземіз.
Әлихан Бөкейхан ауданы бойынша аула аумақтарын, жаяулар жолын, сәкілер мен қоқыссалғыштарды ретке келтіруді жалғастырамыз. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын 24 жобаның ішінде балалар алаңқайларын, 5 футбол алаңын, 3 баскетбол алаңын, 1 стритбол алаңын жаңғырту, екі шағын саябақты абаттандыру, төрт көшенің тротуарларын ретке келтіріп, жарықтандыру бағандарын орнату жұмыстары бар.
Әлеуметтік маңызы бар нысандар мен контейнерлік алаңдарға кірме жолдарды ретке келтіру бойынша жұмыстар басталды. «Одарешка» мен «Ақжарқын» балабақшаларының кіреберістері мен автотұрақ аймақтарын асфальтталды.
Жалпы қала бойынша жеке сектор көшелерінде, кварталішілік жолдарға және әлеуметтік маңызы бар нысандарға жаңа сыртқы жарықтандыру желілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша барлығы 1000 жарықтандыру бағанын орнату жоспарланған.
Жолдың жайына келсек, қаладағы көше жолдарының жалпы ұзындығы – 923 шақырым. Биыл соның 130 шақырымына жөндеу жұмыстары жасалады. Жол сапасы жоғары болуы үшін Жол активтері сапасы ұлттық орталығымен автожолдарды жөндеу барысында лабораториялық қолдау көрсетуге келісімшарт жасастық. Бұл, әрине, қаладағы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға септігін тигізеді.
– Облысымыздың аумағын басып өтетін қалааралық жолдардың жайы көп сыналады, жол-көлік оқиғалары да жиі…
– Иә, жол-көлік оқиғаларының деректері мені де алаңдатады. Біздің облысымыз арқылы жалпы ұзындығы 9 мың шақырым транзиттік жолдар өтеді. Жолдардың инфрақұрылымын жақсарту үшін биыл да біраз жұмыстарды қолға алдық. Түрлі деңгейдегі мың шақырымнан астам жол жөнделеді. Оның ішінде: республикалық маңыздағы автожолдар – 461 км; облыстық маңыздағы автожолдар – 178 км; аудандық маңыздағы, түрлі елді мекендердегі автожолдар – 390 км.
Ең бір маңызды аралық – «Қарағанды-Балқаш» тас жолы. Бұл жолдың құрылысы биыл аяқталады. Ол аяқталысымен «Қарағанды-Жезқазған» тас жолын (автобан) қолға аламыз. Ал «Қарқаралы-Қарағанды» тас жолын жөндеу жұмыстары жылына елу шақырым жоспарымен жүзеге асырылуда. Қарқаралыда туризмді дамыту мәселесін шешу шеңберінде бұл жолды жөндеудің маңызы ерекше. Биыл Ақтоғай мен Шет ауданын жалғайтын тас жолды жөндеу жұмыстары да жүргізіледі.
Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында неғұрлым қауіпті деген учаскелерде бақылауды күшейттік. Қарағанды мен Балқаш аралығындағы алты автопатрульге қосымша екі жылжымалы жылдамдық өлшегіші бар тағы да он автопатрульді іске қостық.
Полиция апаттардың себептері мен салдары, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, жол қозғалысына қатысушылармен жүйелі жұмыс жүргізеді.
Мүмкіндік болса, көлік тізгіндеген әр азаматқа айтар едім: жол деген ерекше назар мен жауапкершілікті талап етеді. Сақ болыңыздар, белгіленген жылдамдық режимін, жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар. Бұл сіздің ғана емес, жолдағы барлық адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет!..
– Кейінгі жылдары малдың жемшөбін даярлау еліміз бойынша оңайға соғып тұрған жоқ. Осы бағытта да жаңа амалдар қарастыру қажеттігі туындап жүрген сыңайлы. Осы тұрғыдан аймағымыздың өзіндік жұмыс жоспарлары мен бағдарламалары бар ма?
– Әрине, жыл сайын малға жемшөп даярлау – аса маңызды міндеттердің бірі. Мал басы артқан сайын, оның азығын даярлауда да жаңаша, неғұрлым тиімді тәсілдер қарастыру қажет. Біз қазір өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға және жемшөп дақылдарының алқаптарын ұлғайтуға күш салып отырмыз. Биыл біз жемшөп егістігінің көлемін 14,6 пайызға арттыруды, жемшөп үшін суарылатын жер көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Қысқа мал азығын әзірлеу жайына келсек, былтыр даярланған шөптің, сүрлем мен пішеннің қоры жеткілікті болды, өңірдегі мал қыстан қиналмай шықты. Алдағы қысқа шамамен 1,9 млн тонна шөп қоры қажет болады деп межелеп отырмыз және сол қажеттілікті қамтамасыз етуге күш саламыз.
Жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының тұрақты бақылауында.
Қазір облыс көлеміндегі мал саны түгенделуде. «Сарыарқа» ӘКК арқылы мал өнімдерін өткізу проблемасын шешу жолдарын қарастырудамыз. Нұра ауданында 1200 басқа арналған үлкен сүт-тауар фермасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Күзде іске қосылатын бұл ферма өзіміздегі сүт өнімдерін даярлайтын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін болады. Әйтпесе, қарағандылық сүт өнімдері кәсіпорындары шикізатпен әлі күнге толық қамтамасыз етілмей келеді. Жан-жақтан сүт жеткізушілер жаз айында табылғанымен, қыста олар азайып қалады, тұрақтылық жоқ. Кәсіпкерлерге субсидия бөліп отырмыз. Кейінгі уақытта министрлік тарапынан бұл саясат өзгеріп, тек қана аз пайызды несие беру мәселесі қарастырылуда.
– Өндірісті өңір болғандықтан, Қарағанды облысында еңбек қауіпсіздігі заңдары жиі бұзылатын қауіпті объектілер баршылық. 46 шахтер қаза тапқан былтырғы трагедия әлі ұмытылған жоқ. Инвестордың өзгеруі өндірістегі қауіпсіздікке қаншалықты оң әсер етті?
– Иә, өндірістегі қауіпсіздік – біздің аймақ үшін ең өзекті мәселелердің бірі. «Qarmet»-тің жаңа инвесторы қазір жұмыс орындарында қауіпсіздік тәуекелдерін азайтуға барын салуда. Осы мақсатта өндіріске жаңа технологиялар енгізу, қызметкерлерді қауіпсіздік талаптары бойынша оқыту, еңбек қауіпсіздігінің барлық нормалары мен ережелерінің сақталуын қатаң бақылау тәрізді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып отыр.
Шахталарды жетілдіруге әлемнің осы саладағы мықты компаниялары тартылуда. Былтыр қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қолдан келгенше жәрдем бердік. Әр отбасына өзім арнайы барып, көңіл айтып, мұң-мұқтаждарын тыңдап, қандай көмек берілетінін түсіндіріп айттым. Әрқайсысына өзімнің телефон номерімді қалдырдым. Мәселелерін қоңырау шалып, айтады, олардың бәрін мүмкіндіктеріме қарай шешуге тырысып жатырмын. Барлығына материалдық, моральдық көмек көрсетілді. Қаза тапқан әр кеншінің отбасына оның он жылдық еңбекақысы көлемінде қаражат төленді. Баспанамен қамтамасыз етілді. Өндіріс орнының жаңа инвесторына қойып отырған ең негізгі талабымыз – еңбек қауіпсіздігі мәселесі.
Барлық өндірістік нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлі де көп нәрсе істеу керектігі сөзсіз. Бұл мәселе бойынша компаниялармен үнемі ортақ мәмілеге келіп отырамыз. Қай уақытта да өндірістік нысандар қауіпсіздіктің жоғары стандартына сай болуын қамтамасыз етуге ұмтыламыз.
– Еліміздің ең үлкен индустриялық орталығын, ең ауқымды облыстарының бірін басқару оңай шаруа емес. Өзіңіз күш-қуатты қайдан аласыз, үнемі сергек жүрудің өзіңізге аян қандай сыры бар?
– Оның ешқандай құпиясы жоқ. Менің бар ойым: үнемі жұмыс бабында болу, халықтың талап-тілегіне құлақ асу және осы өңірімізді өрге бастырсақ деген құлшынысым зор. Осы қызметке келген екі жыл ішінде бір күн де еңбек демалысында болған емеспін. Оның алдында демалып жүретінім де шамалы еді. Күнделікті аз-кем дене шынықтырып, қол тигенде жаттығу залына барамын. Шағын қалаларымызды жаяу жүріп аралаймын. Кабинетте жұмыс жүрмейді. Барып, бәрін өз көзіңмен көрген дұрыс қой.
Сөз соңында тағы бір айтқым келетіні: алда сіздердің, журналистердің кәсіби мерекелеріңіз келе жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарын төртінші билік дейтініміз бекерден емес. Әділдікті қолдаса, ақпарат құралдары – үлкен күш. Кейде бұра тартып, мәселенің байыбына, анық-қанығына бармастан, әлеуметтік желіде жариялай қоятын блогерлер, қарапайым адамдар бар. Тіпті асығыстық танытып, ұшқары пікірге бой алдырып жататын журналистер де жоқ емес. Өзімізден сұраса, мен, мысалы, кез келген журналистпен сұхбаттасуға әзірмін. Жер-жердегі халықпен кездесулерімде де ештеңені жасырмаймын. Барды бар, жоқты жоқ деймін. Қолдан келмейтін істі жасаймын деп ешқашан жалған уәде бермеймін. Жұмыс барысында өзіміздің мәслихат депутаттары бекіткен бюджетке сай жоспарымызды басшылыққа аламыз. Арасында халыққа жағымсыз шешімдер де болады. Мысалы, жылу, су, жолақы тарифтерінің қымбаттауы. Бірақ оның бәрі мәжбүрліктен ғой. Құбырларға, жылу орталықтарына жөндеу жүргізілмесе, жабдықтар, автобустар жаңартылмаса, керек дүниенің бәрі қайдан келеді? Оның бәрін төлей беруге бюджеттің шамасы жетпейді. Сондықтан, бірден байбалам салмай, алдымен әр нәрсенің себебін білу керек. Ынтымақта, бірлікте болайық, халқымызға бірге қызмет жасайық. Халыққа қызмет – абыройлы міндет!Ortalyq Qazaqstan
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -