Қарағанды облысының мектептерінде буллингке қарсы білім беріледі
Балаларды қорлау мен кибербуллингтен қорғау мақсатында Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында педагог-координаторлар жұмыс істей бастады. Аймақтағы тоғыз мектеп республикалық «KiVa буллингке қарсы бағдарламасы» пилоттық жобасына қатысуда. Мұнда балаларға эмоцияны дұрыс білдіруді үйретеді. «ДосбоLike» акциясына бес мектеп қатысқан. Бұл оқу орындарында әлеуметтік-эмоционалдық жағдайды жақсартуға бағытталған.
Буллингтің алдын алу бойынша мектептерде жүргізілетін профилактикалық жұмыстар туралы Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова жастар кеңесінің отырысында айтып берді.
– Өткен жылдан бастап облыста бірнеше жаңа жоба іске асырылуда. Мысалы, педагогикалық көңіл бөлуді қажет ететін оқушыларды ерте анықтау мақсатында, буллинг пен зорлық-зомбылық белгілерін ерте тану үшін әлеуметтік-психологиялық бақылау картасы әзірленді. Бұл құралды психологтар мен әлеуметтік педагогтар сабақ барысында пайдаланады. Сынып жетекшілерінің жоспарында «Психолог сағаты» енгізілген, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Биыл полиция департаментімен бірлесіп, бес мектепте «Жас Сақшы» пилоттық сыныптары ашылды. Бұл жобаға Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран қалалары мен Нұра ауданы қатысты.
Облыстың 316 мектебінде психолого-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған HR+ жүйесі енгізілді. Ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау көрсету орталықтары да ашылды.
Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің проректорлары мен Қарағанды экономикалық университеті Қазтұтынуодағының өкілдері жоғары оқу орындарында буллингтің алдын алу шаралары туралы айтты.
– Бұл мәселе тек мектептер үшін ғана емес, жоғары оқу орындары үшін де өзекті. Буллингті жою ғана емес, оның алдын алу шараларын қабылдау да маңызды, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Кеңесте Приозерск қаласы мен Нұра ауданының әкімі Жастар ресурстық орталықтарының дамуы туралы баяндады. Бұл орталықтарда жастардың жұмысқа орналасуы, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі және мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алуы мәселелері бойынша кеңес ала алады.
Қарағанды облысының жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Ілияш келесі жылға арналған жобаларды ұсынды. Бірқатар ұсыныстар талқыланды. Облыс басшысы жобаларды пысықтау кезінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -