Қарағанды облысының өңірлік кадр резервіне 25 адам қабылданады
Қарағанды облысында құрылымдық сұхбатты талқылау бойынша өңірлік кадр резерві комиссиясының қорытынды отырысы өтті.
Өңірлік кадр резервіне іріктеуді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаменті облыстық әкімдікпен бірлесіп жүргізеді.
Қарағанды облысының өңірлік кадр резервіне қабылданғандар жергілікті атқарушы органдарда бос лауазымдарға орналасуға үміткер бола алады.
Байқауға барлығы 364 адам қатысты. Кадр комиссиясы үміткерлерді жеті бағыт бойынша таңдады: индустрия және өнеркәсіп, әлеуметтік сала, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экология, экономика және қаржы, ТКШ және инфрақұрылым, цифрландыру. Жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан тұрғындары қатыса алады.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында құзыреттілікті бағалаудан 43 кандидат өтті. Олар комиссияда құрылымдық сұхбатқа қабылданды және өз жобаларын қорғады.
– Құрылымдық сұхбатта АӨК және жер қатынастарында, өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту бойынша өзекті және қызықты жобалар ұсынылды. Жобалардың бірі Qarmet компаниясы қызметкерлерінің тыныс-тіршілігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Тізімге енген 25 адам үшін бұл мансаптық сатыдағы әлеуметтік лифт, өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігі, – деп атап өтті Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсен.
Резервшілер екі жыл ішінде мемлекеттік қызметте бос орындарға орналаса алады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -