Қаратал ауданында осы жылы 8 медицина нысаны салынады
Биыл Қаратал ауданында 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланса, соның 6-ы «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Атап айтқанда, Ортатөбе, Қызылжар, Қанабек, Оян, Қаражиде, Доншы ауылдарында 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен бір медпункт салынады. Олардың құрылысы биылғы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл жайында бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде белгілі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде инфрақұрылымды дамыту мен кадрлар тапшылығы проблемасын шешу медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырудағы негізгі факторлар екенін атап өтті. Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту үшін нысандар құрылысына блокты-модульді конструкцияларды пайдалану тұрақты қолға алынған. Бұл шалғайдағы ауылдарды заманауи медициналық объектілермен қамтамасыз ете отырып, құрылыс процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
– 2022 жылы облыс көлемінде 12 блокты-модульді медпункт салынса, 2023 жылы осындай 20 нысан тұрғызылды, биыл тағы 27–сін салу жоспарланып отыр. Соның ішінде осы жылы 2 блокты-модульді медициналық пункт Сарыбұлақ пен Кішітөбе ауылдарында орнатылады. Олардың құрылысы қарашаның соңына дейін аяқталады. Сонымен бірге «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 59 нысан салу жоспарланса, соның 6-ы – 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен бір медпункт Қаратал ауданында тұрғызылады. Медицина мамандарын тарту шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта биыл облыста дәрігерлерге бір реттік өтемақы ретінде әлеуметтік көмек қарастырылып отыр: қалалық жерде – 5 млн. теңге, ауылдық жерде – 10 млн. теңгеден. Биыл 595 млн. теңге. Сонымен қатар Қаратал ауданында 2022 жылдан бастап дәрігерлерге 13 пәтер бөлінді. Жалпы пәтерақы төлемі беріліп, көтерме жәрдемақылар төленеді, тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті несиелер беріледі, - деді облыс басшысы.
Атап өтсек, биыл ауданға 3 қажетті маман акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог және жалпы тәжірибе дәрігері келеді деп күтілуде. Биылғы шілдеде ауданға 3 Жедел жәрдем көлігі Ескелді би, Көпбірлік ауылдары мен Үштөбе қаласының дәрігерлік амбулаторияларына алып берілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -