Қаратал ауданының аумағында биыл 95 км жол жөнделеді
Биыл Қаратал ауданының 10 елді мекенінде жол жөндеу жоспарланған. Жалпы, өткен жылы ауданда 24 км жол жөнделсе, биыл тағы 95 км жөндеу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің айтуынша, Алмалы, Ескелді би, Айту би, Қызылжар, Айдар, Кәлпе, Қожбан, Қанабек, Көкдала ауылдары мен Үштөбе қаласының жалпы ұзындығы 8,5 шақырым болатын 12 көшесін жөндеуге және күтіп ұстауға 463,5 млн.теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 10 көшенің жөндеуі аяқталып, 2 көшені жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
- Бұған дейін Көпбірлікке апаратын жолдың мәселесін көтерген едіңіздер. Соған байланысты 4,8 млрд.теңгеге «Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» автожолының ұзындығы 78,5 км болатын үш учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде 52 шақырымы жасалды, 26,5 шақырымы қалды, қараша айына дейін пайдалануға беріледі, - деді Б. Исабаев.
Белгілі болғандай, былтыр Қаражиде ауылына кіреберіс 5,5 км жолды жөндеу басталып, биыл маусым айында пайдалануға берілген. Көкдала ауылындағы көпір де күрделі жөндеуден кейін қыркүйек айында іске қосылады. Жыл соңына дейін Түгелбай ауылының 11 км кірме жол жөнделеді.
Сонымен қатар Молалы – Үштөбе жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды, 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.
Жалпы бүгінгі таңда Жетісу облысында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 93% құрап отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -