Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2024 жылғы 1 қазандағы жұмыс қорытындысы туралы
2024 жылғы қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қызметі негізінен қарыз алушылардың тұтынушылық қарыз бойынша берешекті қайта құрылымдауға жәрдемдесу туралы жолданымдарын қараумен және олардың борыш жүктемесін азайту шараларын қабылдаумен байланысты болды.
2024 жылғы қыркүйекте Агенттік жеке және заңды тұлғалардың қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің қызметіне байланысты 10 110 жолданымын қарады, бұл 2024 жылғы тамызбен салыстырғанда 23,2%-ға көп.
Жолданымдардың ең көп үлесі – жолданымдардың жалпы санының 48,8%-ы банк секторына тиесілі. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша жолданымдар жалпы санның 38,0%-ын, коллекторлық агенттіктердің 6,3%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 1,2%-ын, өзге ұйымдардың 4,2%-ын, қаржы ұйымдарының атауы көрсетілмеген жолданымдар 1,5%-ды құрады.
Агенттік 2024 жылғы қыркүйекте 13 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 3 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 155 хаттама бойынша жалпы сомасы 62,9 млн теңгеге 8 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:
- банктерге қатысты 9 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қатысты 2 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты 2 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 155 хаттама бойынша жалпы сомасы 62,9 млн теңгеге 8 әкімшілік жаза қолданылды.
Агенттік жалғыз баспананы сақтап қалуға және борыш жүктемесін төмендетуге бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) үш бағыт бойынша іске асыруда.
Бағдарламаның 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған бірінші бөлігі шеңберінде 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктер 202,2 млрд теңге сомаға 32,6 мың қарызды қайта қаржыландырды.
Бағдарламаның 01.01.2016ж. дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды конвертациялауға/қайта қаржыландыруға бағытталған екінші бөлігі шеңберінде банктер 114 млрд теңге сомаға 15,7 мың валюталық ипотекалық қарызды конвертациялауды/қайта қаржыландыруды жүргізді. Валюталық қарыздарды конвертациялау /қайта қаржыландыру 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер қарыздары бұрын Бағдарлама шеңберінде қайта қаржыландырылған ХӘОТ-қа жататын ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсету жұмысын жүргізуде. Қолдау шаралары қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банктің балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде көрсетіледі. 01.10.2024ж. жағдай бойынша 10,6 мың қарыз алушыға 87,9 млрд теңге сомасында қосымша қолдау шаралары көрсетілді. Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -