Атырау облысында «Сарайшық және Еуразияның ортағасырлық әлемі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды
Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай өткізілген жиын Махамбет ауданы «Сарайшық» сапар орталығында ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Серік Шәпкенов және Ресей Федерациясынан, Алматы, Түркістан, Орал, Атырау қалаларынан академик-ғалымдар, археологтар, зерттеушілер, сарайшықтанушылар қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алқалы жиында аймақ басшысы Серік Шәпкенов тарихы терең Сарайшықты дамытуға, археологиялық зерттеу жұмыстарына облыстық әкімдік әрқашан қолдау білдіретінін атап өтті.
- Жошы Ұлысының рухани орталығына айналған қасиетті жерде басталған жиынның тарихымызды зерделеуде маңызы зор деп ойлаймын. Атырау облысы әкімдігі Сарайшықты дамытуға бағыттайтын әр ұсынысты қолдап келеді. Тәуелсіздік алғаннан бастап облыс бюджетінен мұндағы зерттеулер қаржыландырылып, ғалымдарымыз алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалды. Тарихшы мамандармен келісе отырып, киелі жұртты судан қорғау шараларын қамтамасыз еттік. Соның нәтижесінде Сарайшық Қазақстанның топ-20 туристік аймақтың қатарына енді. Сарайшықта әлі де тың зерттеулер, ауқымды жұмыстар жүргізіле беретініне сіздерді сендіргім келеді. Конференцияда жаңа идеялар, тың ұсыныстар, мазмұнды ойлар айтыларына сенім білдіремін,-деді С.Шәпкенов.
Шарада Сарайшықты зерттеуге зор үлесін қосқан белгілі археолог Зейнолла Самашевқа облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 24 мамырдағы №15-VIII шешімімен «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Үш секцияға бөлінген ғылыми-тәжірибелік конференцияда ортағасырлық Сарайшықтың Тәуелсіз Қазақстан және шетел тарихнамасындағы жетістіктері, Жошы Ұлысының тарихы және оның қазақ тарихымен сабақтастығы туралы ғылыми зерттеулердің жаңа нәтижелері, Қазақстандағы ортағасырлық тарихи-мәдени кешендер, оларды сақтау, қорғау және насихаттау мәселелері талқыланады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -