Атырауда жаңа гимназия мектебі ашылды
Бүгін 1 қыркүйекте «Ақжар-2» шағын ауданында №44 мектеп-гимназиясы 1-сынып табалдырығын аттаған 70 балаға есігін айқара ашты,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен білім саласының ардагерлері қатысты.
Қонақтардың қатарында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев те болып, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
- Бүгін Ақжар-2 шағынауданының тұрғындары үшін қос мереке – жаңа мектеп-гимназия ашылды. Бүгін соның куәсі болып отырмыз. Енді оқушыларымыз алысқа қатынамайтын болды. №44 мектеп-гимназиясы балаларымыздың сапалы білім алатын орнына айналады деген сенімдемін. Алдағы оқу жылы толағай табыстар мен игі жақсылықтарға толы боларына сенімім мол , – деді Жасұлан Бисембиев.
№44 мектеп-гимназиясының директоры Абай Ақмурзиевтің айтуынша, бір ауысымда алты жүз оқушы білім алады. Түстен кейін қосымша сабақтар ұйымдастыру жоспарлануда. Сұраныс артқан сайын екінші ауысымда қосымша сыныптар ашылуы әбден мүмкін, өйткені жақын маңайда шағынаудандар қарқынды түрде салынып жатыр. Сонымен қатар, өткен оқу жылына дейін басқа оқу орындарында білім алғандардың арасында талапкерлер де бар.
Абай Ақмурзиев түсіндіргендей, №44 мектеп-гимназиясында 1-11-сыныптар аралығында толыққанды білім беру үдерісіне барлық жағдай жасалған. Мұнда отыздан астам оқушы сыныбы, оннан астам зертханалық жұмыс кабинеттері, спорт залы мен ойын алаңдары бар. Мектеп 200 орындық акт залымен, асханамен, толық жабдықталған ағылшын тілі кабинетімен, лингафон кабинетімен, еңбекке үйрету шеберханаларымен және жеке атыс тирі бар алғашқы әскери дайындық кабинетімен жарақталған.
Шеберханаларда қыздар аспаздық және тігіншілік (асхана жабдықтары бар), ал ұлдар ағаш ұстасы мен токарлық (металл және ағаш өңдеу станоктары бар) мамандықтарын оқи алады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -