Қазақстан Қарулы күштерінің Байланыс әскерлеріне – 30 жыл
1994 жылғы 31 қазанда Қорғаныс министрінің директивасымен ҚР Қарулы күштері Бас штабының Байланыс департаменті құрылды. Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери байланысшылардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Оған Қорғаныс министрлігінің, Байланыс департаментінің басшылығы, басқа әскерлер мен әскери құралымдары байланыс тораптарының бастықтары, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ азаматтық байланыс ұйымдарының өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев байланысшыларды атаулы күнмен құттықтап, байланыс әскерлерін жаңа жүйелермен жарақтандыру және озық технологияларды енгізу әскерлерді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Байланыс – бәрінің іргетасы, негізі. Онсыз нақты уақыт режимінде әскерлерді басқарудың цифрлық трансформациясы мүмкін емес. Осы саланың арқасында біз елдің қорғаныс қабілетін нығайту үшін жұмыс істейтін бастамалар мен жобаларды іске асырамыз, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартамыз, – деді ол.
Әскери байланысшылар өздерінің жоғары кәсібилігі мен шеберлігін «Бірлестік-2024», «Мызғымас бауырластық-2024», «Батыл тойтарыс-2024», «Айбалта-2024», «Бекет-2024» стратегиялық оқу-жаттығулары және басқа да іс-шаралар барысында бірнеше рет дәлелдеді.
Байланыс әскерлерінің 30 жылдығына орай мінсіз қызметі және қойылған міндеттерді орындауда танытқан жауапкершілігі үшін бірқатар байланысшылар «Ел қорғаны» және «ҚР Қарулы күштерінің үздігі» ведомстволық медальдарымен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Қорғаныс министрінің атынан ел Қарулы күштерінің Байланыс әскерлерін құрудың бастауында тұрған ардагерлер де алғыс хаттар алды.
Сол кездегі естеліктері жайлы отставкадағы генерал-майор Мүбәрәк Орынбеков бастай келе, ол байланыс бөлімшелерін жарақтандыру деңгейінің артқанын атап өтті. Қырық жылдан астам әскери қызмет еткен ардагер байланысшылардың уақыт талаптарына сай болу үшін кәсіби деңгейін көтеру жолында тынымсыз еңбек етіңдер деді.
Салтанатты жиын соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымы, сондай-ақ елорда гарнизонындағы байланыс бөлімшелерінің әскери қызметшілері дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -