Қазақстан мен Тунистің сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялардың алғашқы раунды өтті
Тунис, 2024 жылғы 18 қазан – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен оның әріптесі Мұхамед бен Айедтің төрағалықтарымен Қазақстан-Тунис саяси консультацияларының бірінші отырысы өтті.
Саяси консультациялар барысында тараптар достық пен өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынастарының оң серпіні мен табысты дамуын жоғары бағалап, саяси диалогты кеңейту мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін кеңінен талқылады.
Ерекше назар азық-түлік қауіпсіздігі мен өнімдерінің екіжақты саудасына, өзара инвестициялық ынталандыру мәселелеріне, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, минералдық ресурстар және IT салаларында елдердің іскерлік топтары арасында тікелей байланыс орнату бағыттарына аударылды.
Тараптар сапарлармен алмасу тәжірибесін жалғастыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейтуге ниетті екендіктерін растады.
Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, сондай-ақ БҰҰ, ИЫҰ, АҚИҰ, АО, Араб мемлекеттері лигасы және т.б. көпжақты құрылымдар аясындағы өзара тиімді серіктестік туралы пікір алмасу болды.
Саяси ынтымақтастықты нығайту мақсатында екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сыртқы саяси ведомстволар арасында тығыз диалогты жалғастыруға келісті және екіжақты консультацияларды тұрақты өткізудің қажеттілігін атап өтті.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -