ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ МЕН ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ АРАСЫНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Атап айтқанда, бекітілген құжаттардың арасында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ӨР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім құжаты бар.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы сауда-саттық бойынша ең ірі серіктестер екеніне назар аударып, өзара тауар айналымын таяу арада 5 миллиард, кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп қойғанын айтты.
– Ол үшін алыс-берістегі тауар түрін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тежейтін кедергілерді жою қажет. Жалпы, сауда-саттықтың ауқымын кеңейтуге екі елдің де мүмкіндігі мол. Қазірдің өзінде Өзбекстанға шығаратын экспортты 550 миллион долларға арттыра аламыз, яғни өңделген тауардың тағы 40 түрі бойынша экспорт жасауға мүмкіндік бар. Өзбек елі де Қазақстанға көптеген өнімдерін жіберіп отыр. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқыладық. Былтыр осы саладағы тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Бұл – жалпы сауда-саттықтың шамамен үштен бір бөлігі деген сөз. Еліміз әлеуметтік маңызы жоғары агроөнеркәсіп өнімдерін Өзбекстаннан импорттауға мүдделі. Сонымен қатар Өзбек еліне ұн, бидай және өзге де азық-түлік өнімдерін экспорттауды жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өнеркәсіп саласындағы жаңа әрі ауқымды жобаларды қолға алу мәселесіне айрықша мән берілгеніне тоқталды.
– Қазір жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық жоба бар. Машина жасау, металлургия, автокөлік құрастыру, тұрмыстық техника өндіру, тоқыма өнеркәсібі, фармацевтика және басқа да бағыттағы жобалар табысты іске асырылып жатыр. Мұның бәрі екі елге 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Энергетика, коммуникация, ғарыштық технологиялар, цифрландыру сияқты салалардың әлеуеті мол. Біз осы бағыттағы серіктестікті нығайтуға баса назар аударып отырмыз. Кеше Астанада бизнес форум және Іскерлік кеңестің алтыншы отырысы өтті. Онда кәсіпкерлеріміз ірі коммерциялық келісім-шарттарға және өзге де құжаттарға қол қойды. Үкіметтеріміз бірлескен кәсіпорындардың табысты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Сондай-ақ аймақаралық байланыстың әлеуетін тиімді пайдалану аса маңызды. Қарым-қатынасты нығайтуға аймақтар арасында жасалған келісімдер де едәуір ықпал етеді. Осы ретте, жылдың соңына дейін кезекті Аймақаралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -