Білім беру тәсілі: Елімізде жаңа оқу жылы қалай басталмақ
Жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 млн-нан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары.
Күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылмақ. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген 1 мыңға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі де өз жұмысын бастайды. Өңірлерде оқытылатын пәніне сәйкес бейінді құрал-жабдықтармен 1 мың кабинетті жарақтандыру жоспарланғанымен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда STARLINK спутниктік интернеті 1 757 мектепте орнатылған, соның арқасында қосылу жылдамдығы 3 есеге артты. 122 мектепте интернет қосу жұмыстары аяқталуда. Бұл ретте барлық оқулықты цифрландыру жұмыстары аяқталды, 11 платформада электронды нұсқалар оқушыларға қолжетімді. Оқушының оқу траекториясын анықтау үшін бірінші сынып мұғалімдері Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы бала дағдыларының деңгейін көрсететін Жеке даму картасын алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселесі пысықталуда.
Оқушыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.
2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін өңірлерде 31 мың жаңа орын ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналары үшін 3,5 мыңнан астам консультациялық орталықтар ұйымдастырылды. Ата-аналарға бала күтімі мен оларды дамыту бойынша консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» мобилді қосымшасы іске қосылады.
Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Инклюзивті мектептердің үлесі 88%-ға, ал балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 80%-ға дейін өсті. Биыл пилоттық режимде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілуде, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау кабинеттері мен жеке бағдарламаларға жаңа талаптар әзірленді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында Президенттің тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік тапсырыс 145 мың орынға дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Бұл ретте еліміз бойынша барлығы 772 ұйым оқушылар үшін ашық. 1 қыркүйектен бастап 300 мыңнан астам колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап колледждер базасында 26 шағын кәсіпорын өз өнімдерін өткізеді. Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту шеңберінде Францияда өтетін WorldSkills-2024 чемпионатында қазақстандық 32 студент ел намысын қорғайды.
Білім сапасын арттыру министрліктің және жалпы мемлекеттің басты міндеті болып қала беретінін айта кеткен жөн. Осылайша, алғаш рет «білім сапасы» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, Ұлттық бағалау жүйесінің жаңа моделі жасалды. Бүгінгі таңда нысаналы мектептермен өзара байланыс бойынша нақты шаралар қабылданып, мұғалімдер мен әдіскерлерге мақсатты оқыту жүргізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы мұғалім» жобасы аясында аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылармен жұмыс күшейтілмек. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында тағы 1000 мұғалім оқытылады, ал өткен жылғы 134 түлек мектептердегі басшылық құрамға қосылды.
Мемлекеттің басым міндеті – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Биыл қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектебінде «Қауіпсіздік сабақтары» енгізіліп, Психологиялық қолдау орталықтары өз жұмысын бастады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты 64%-ға өсті, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер мәртебесі бекітілді. Өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмектесу үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылады, пилоттық форматта KiVa және DOSBALLIKE бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Мектептерде өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесі, бейнебақылау жүйелері, турникеттер мен лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Білім беру ұйымдары тиісті жүйелерімен барынша жабдықталған.
Білім берудің құрамдас бөлігі – тәрбие жұмысы. Бұл мәселеде мектеп шешуші рөлдердің бірін атқарады. 2023 жылдың қыркүйегінен бері оқушылар үшін «Біртұтас тәрбие» білім беру бағдарламасы енгізілді, ол жаңа оқу жылында Мемлекет басшысының III «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұлттық құрылтайында айтылған жалпыұлттық құндылықтарға сәйкес жаңартылған нұсқада іске қосылады. Әділдік – ұстаным, жауапкершілік – негіз, ілгерілеу – мақсат компоненттері адамгершілігі жоғары, адал әрі табысты болашақ ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -