БҚО Бөрлі ауданында Республика күні қарсаңында 108 орындық жаңа мектеп ашылды
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Жарсуат ауылында Республика күні қарсаңында КПО компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары шеңберінде салынған 108 орындық жаңа жалпы білім беретін мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мектеп оқушылардың білімі мен жайлылығын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған.
Жаңа ғимарат 12 заманауи оқу кабинетін қамтиды, оның 10-ы интерактивті тақталармен жабдықталған. Сондай-ақ, мектепте 2 шеберхана, информатика кабинеті, спорт залы, кітапхана, 70 орындық акт залы және 30 орындық асхана бар.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жаңа мектепте болып, мұғалімдерді, оқушылар мен олардың ата-аналарын осы маңызды оқиғамен құттықтады. Аймақ басшысы ауылдық жерлерде білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.
«Президент ауылдық мектептерді жаңғырту және оларды қажетті жабдықтармен толық жабдықтау жөнінде нақты тапсырма берді. Бүгінде біз бұл жоспарлардың іс жүзінде қалай іске асырылып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жаңа мектеп балалар үшін білім мен дамудың орталығына айналсын. Ол оқушылардың алдында табысты болашақ үшін жаңа көкжиектер мен мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», - деді Нариман Төреғалиев.
Бөрлі ауданының білім саласының ардагері Роза Ахметова жаңа мектеп ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш екенін айтты.
“Жаңа мектеп ауыл балалары үшін қуаныш. Бұрындары олар ескі мектепте білім алып еді. Мемлекет басшысына ауылдық жерлерге көңіл бөліп отырғаны үшін алғысымызды білдіреміз”-деді Роза Ахметова.
КПО Б.В. компаниясы Бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев өз сөзінде облыстық әкімдікпен бірлескен жоба аясында компания ауылдық жерлерде осымен 15 мектеп салғанын атап өтті.
“Облыс басшысының бастамасы аясында 2023 жылдан бері ауылдық жерлерде мектептерді салу және жаңғырту жобасын қолға алып отырмыз. Ауыл балаларының сапалы білім алуы біз үшін маңызды. Бүгінгі мектеп компаниямыздың Батыс Қазақстан облысында салынған 15-ші мектебі”- деді Мұхтар Манкеев.
Айта кетейік, жаңа мектепте 29 педагог жұмыс істейді. Мектептің ашылуы ауылдық жерлерде білім сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта БҚО-да Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 орындық 8100 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, КПО Б.В. компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында 4 мектеп күрделі жөндеуден өтуде.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -