Балқашта курорттық елді мекендерге арналған су құбыры салынады
Балқашта биыл Торанғалық және Шұбартүбек курорттық ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін көптен күткен магистраль құрылысы басталады. Сондай-ақ Саяқ ауылына ауыз су беретін тозған сорғы станцияларының көп жылғы проблемасын шешуге кіріседі.
Қалада жылу және су құбыры желілерін, кәріз коллекторын қайта жаңарту жалғасады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқашқа жұмыс сапары барысында қаланы дамыту жөнінде кеңес өткізді.
– Өткен жылы Балқашта тұрақты өсу кезеңі байқалды. Қала негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасын сақтап қалды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,8%-ға артты. Қала экономикасына 58,6 млрд теңге инвестиция тартылды, – деп атап өтті өңір басшысы.
Биыл қандай жұмыстар атқарылатыны туралы қала әкімі Сапар Сатаев баяндады.
Ол Балқаш-Торанғалық кенті магистральды су құбырының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін хабарлады. Байқау қорытындысы бойынша мердігер анықталды. Жобаны іске асыру туризмді дамытуға ықпал ететін болады.
– 2 жыл ішінде 31,6 км жылу желісі жөнделді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде олардың тозуы 75-тен 65% -ға дейін, апаттар саны 30%-ға төмендеді. Бұдан басқа, қаланың проблемалы аудандарын үздіксіз орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету үшін Ағыбай батыр көшесіндегі сорғы станциясын қайта жаңартуға және Желтоқсан көшесіндегі қуаттылығы бар сорғы станциясын салуға ЖСҚ әзірленеді, – деді Сапар Сатаев жылумен жабдықтауды жақсарту жөніндегі одан арғы жұмыс туралы баяндай келе.
Қалада 44 км сумен жабдықтау желісі ауыстырылды. Желілердегі апаттар айтарлықтай азайды. Биыл тағы 21 км жаңа құбыр салу жоспарланған.
Өткен жылы Балқашта кәріз коллекторын қайта құру басталды. 5,2 км полимерлік құбыр төселді. Осы жылы жұмысты жалғастыруға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.
Саяқ ауылы назардан тыс қалмайды. Сумен жабдықтауды жақсарту үшін мұнда желілердің жартысы ауыстырылды. Тоқырауын-Саяқ су құбырын жөндеу жалғасады. Бұдан басқа, Саяққа ауыз су беретін тозған сорғы станцияларының көп жылғы проблемасын шешуге кіріседі. Жабдықтар 60-шы жылдардан бері жөнделмеген.
Өткен жылы басты сорғы станциясын жаңғыртумен айналысқан болатын. Жабдықтар толығымен ауыстырылды, қорғаныс жүйелері және станция мен жерасты ұңғымаларының автономды жұмысы үшін екі генератор орнатылды.
Алматы – Екатеринбург автожолы бойындағы сервисті дамыту мақсатында бизнес нысандарының құрылысына қосымша жер учаскелерін бөлу үшін ТЖЖ әзірлеу басталды.
– Кәсіпкерлер мұндай жағдайда жалғыз қалдық деп ойламасын. Олармен жұмыс істеңіздер, түсіндіріңіздер, – деді Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығына.
Қала әкімі тұрғын үй құрылысы, абаттандыру және көгалдандыру туралы да баяндады.
Биыл 180 отбасыға арналған төрт 45 пәтерлі үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Жаздың басында жағажай мен қала жағажайын қайта құру жұмыстары аяқталуы тиіс. Биыл 11 аула аумағын, «Жастар» саябағын, орталық саябақ пен Балқаш станциясын абаттандыру жоспарланған.
4500 жапырақты және қылқан жапырақты ағаш егу көзделген.
Сонымен қатар, кеңесте Жұмысшы мамандықтар жылы туралы сөз қозғалды. Балқаштың төрт колледжінде 33 мамандық бойынша екі мыңнан астам студент білім алуда. Оқу орындарының кәсiпорындармен байланысы нығаюда. Қала мектептерінде металлургия, агро- және гидротехника бағыттары бойынша бейінді сыныптар жұмыс істейді, ал болашақта оқушылар туризм саласы бойынша дайындалады. Жұмысшы мамандықтарының имиджін арттыру үшін қалалық «Адал еңбек – Адал табыс» форумын өткізу жоспарланған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -