Банктердің стрестік активтері цифрлық платформалар арқылы сатылатын болады
19 маусым күні Президент банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және микроқаржы ұйымдарының стрестік активтерді міндетті түрде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген цифрлық платформалар арқылы сатуы бойынша заңға қол қойды.
«Құжат банк секторының стрестік активтерін одан әрі төмендетуге бағытталған және стрестік активтерді сатуға арналған нарықтық инфрақұрылымды құруды және оларды экономикалық айналымға тартуды көздейді. Заң жобасы бойынша жұмыс 2023 жылы басталды. Стрестік активтердің қайталама нарығының инфрақұрылымын жетілдіру үшін KPMG және Dentons халықаралық консультанттарының қатысуымен Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚД) техникалық көмегі тартылды», – деді Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Әбілқасымова.
Халықаралық тәжірибені талдау және Қазақстанда бар цифрлық платформаларды егжей-тегжейлі зерттеу бірыңғай талаптарды қанағаттандыратын бірнеше цифрлық платформалардың жұмыс істеуін көздейтін гибридтік тәсілді қолдану орынды болып табылатынын көрсетті.
Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін әлеуетті операторларға цифрлық платформалардың операторы қызметін жүзеге асыруға рұқсат беру өкілеттігін беруді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді. Сонымен бірге қаржы ұйымдарының стрестік активтерді Агенттіктің рұқсаты бар цифрлық платформалары арқылы сату міндеті мен тәртібі көзделген. Қазақстан Республикасының Парламенті түзетулерді биыл мамырда қабылдады.
Заңнамалық түзетулерді іске асыру үшін нормативтік деңгейде цифрлық платформалардың жұмыс істеуіне рұқсат беру тәртібі, ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары, сондай-ақ стрестік активтерді сататын цифрлық платформаларда сауда-саттықты өткізу қағидалары белгіленеді.
Платформалардың алғашқы прототиптері дайын және тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Әлеуетті операторлар цифрлық платформалардың функционалдық мүмкіндіктерін заң жобасының нормаларына сәйкес келтіруде, оның ішінде стрестік активтердің толық аясын сату мүмкіндігін қамтамасыз етуде.
Жалпы алғанда, стрестік активтерді төмендету бойынша жоспарлы жұмыс 2017 жылдан бастап жүргізілуде. Осы уақыт ішінде стрестік активтер көлемі 7,7 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін қысқарды. 2020 жылдан бастап 13 ірі банк жұмыс істемейтін активтерді 2026 жылға қарай 1 трлн теңгеге дейін төмендету бойынша жоспарларды іске асыруда, сол арқылы экономикаға 621 млрд теңге сомасында активтер түседі.
2022 жылы стрестік активтер нарығын дамыту үшін бейрезиденттерді қоса алғанда жеке инвесторларға стрестік активтерді сатып алуға мүмкіндік беретін заң қабылданды, өндіріп алынған мүліктің банктердің балансында болуының шекті мерзімі – үш жыл болып белгіленді.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) қаржы ұйымдарының кредиттік тәуекелдерді бағалау жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейту үшін пруденциялық реттеуде шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану бөлігінде бірқатар нормативтік өзгерістер енгізілді.
Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы ұйымдарын реттеуде 3 халықаралық рейтингтік агенттіктің (Standard & Poor's, Moody's және Fitch) рейтингтері пайдаланылуда. Оған қоса Агенттік Басқармасы 2023 жылғы шілдеде №67 қаулы қабылдады. Онда
басқа (шетелдік) рейтингтік агенттіктерді
тану өлшемшарттары белгіленген. Шетелдік рейтингтік агенттікті тану
18
өлшемшарт, оның ішінде ең төмен капиталдың болуы, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін рейтингтеу әдіснамасы мен модельдерін, корпоративтік басқару жүйелерін енгізу, ақпаратты қорғауды және конфиденциалдылықты қамтамасыз ету бойынша жүргізіледі. Бұдан басқа, шетелдік агенттіктің рейтингтерін оның шетелдік реттеушісінің тануы, мүдделер қақтығысын болдырмау жөніндегі талаптардың сақталуы, агенттік қызметкерлерінің біліктілік талаптарына сәйкес келуі тексеріледі.
Бүгінгі күні
Ресей Талдамалық кредиттік рейтингтік агенттігі
(бұдан әрі – ТКРА) белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін растады. Жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша
Агенттік
ТКРА-ның рейтингтерін
пруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтау мақсатында қаржы ұйымдарының қолдануы үшін
таныды.
№67 қаулыға сәйкес Агенттік рейтингтік агенттіктердің халықаралық рейтингтік шкалаларының салыстырмалылығы туралы мәліметтерді жариялайды.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-89, e-mail: press@finreg.kz
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -