Батыс Қазақстан облысында аймақтағы инвесторлардың түйткілді мәселелері талқыланды
Орал, 2024 жылғы 28 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, сонымен қатар бірқатар өндіріс орындарын аралады.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің қатысуымен өткен өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесу барысында Ә. Қуантыров Сыртқы істер министрлігінің тікелей шетелдік және ішкі инвестиция тарту бойынша белсенді жұмысына тоқталды.
«Батыс Қазақстан облысының стратегиялық орналасуына, табиғи ресурстарына және дамыған инфрақұрылымына байланысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін орасан зор әлеует бар. Біздің алдымызда маңызды міндет тұр – жалпы ішкі өнімді 2 есеге өсіру, біз бұған тек бірлескен жұмыс арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Үкімет тарапынан қолайлы инвестициялық ахуал мен отандық және шетелдік бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тырысамыз», – деді Министрдің орынбасары.
Өз кезегінде облыстың бизнес-қоғамдастық өкілдері проблемалық мәселелерді, оның ішінде ҚҚС қайтару, кедендік баж, логистика, субсидиялау және шамадан тыс бюрократияға қатысты мәселелерді шешуді сұрады.
Сондай-ақ Министрдің орынбасары «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасы, «Желаев нан өнімдері зауыты» АҚ, «KaspiMunaiCapital» ЖШС, «Уральскагреммаш» АҚ, «Packaging Systems» ЖШС және «PlyCom Uralsk» ЖШС өндірістік алаңының қызметімен танысты, онда кәсіпорын басшылары да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Зауыттар мен кәсіпорындардың басшыларымен кездесулер барысында тараптар шикізат жеткізу, халықаралық рейстердің санын арттыру, Қазақстан-Ресей шекарасының өткізу қабілетін арттыру, визалық қолдау сияқты проблемалық мәселелерді бірігіп шешуге келісіп, сондай-ақ өндірісті кеңейту және өнімді тереңірек өңдеуді қамтамасыз ету үшін халықаралық инвесторларды іздеуге ынтымақтастыққа уағдаласты.
Анықтама: 2004 жылы пайдалануға берілген Желаев нан өнімдері зауыты ұн және макарон өнімдерін шығарады.
KaspiMunaiCapital өндірісі металл конструкцияларын, блоктық бұйымдарды, модульдік ғимараттарды шығарады. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 1,3 млрд теңге құрайды.
Packaging Systems өткен жылы іске қосылып, вагон лайнерлерін шығарады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 1,5 млрд теңге құрады.
Құны 2,5 млрд теңге құрайтын PlyCom жобасы 2022 жылы 70 тұрақты жұмыс орнын құрумен пайдалануға берілді. Зауыт жылына 12 мың тонна фанера өңдейді. 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 3 млрд теңгеге 4,5 мың м3 дайын өнім өндірілді. Сату нарықтарына Қазақстан, Ресей, Бельгия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, АҚШ және Италия кіреді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -