Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев: су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындары көмексіз қалмайды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев су тасқынынан зардап шеккен Оралдық саяжай тұрғындарымен кездесті. Кездесуге келген тұрғындар су басқан саяжайларын қалпына келтіру, жаңа үйлер алу, әлеуметтік көмекке жүгіну және т.б мәселелерін жеткізді.
Облыс әкімі мемлекет тарапынан зардап шеккен азаматтарға тиісті көмек көрсетілетінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендердің шығынын есептеу және материалдық көмек төлеу жөніндегі арнайы комиссия жұмыс істеуде. Комиссия құрамына 10 жұмыс тобы жұмылдырылды. Бүгінде комиссия тексеру актілері аясында суы кеткен саяжайларды қарауда. Кезең-кезеңімен барлық саяжайлар техникалық зерттеуден өтеді. Тұрғындар көмексіз қалмайды. Бір жолғы әлеуметтік төлемдер берілуде, бұл жұмыстар жалғасын табады»- деді Нариман Төреғалиев.
Бүгінде облыс бойынша зардап шеккен 2264 отбасына 813 млн теңге көлемінде 100 айлық есептік көрсеткіш біржолғы әлеуметтік төлемдер төленді, оның ішінде саяжайда тұратын 863 отбасы бар. Сондай-ақ, бүгінгі жұмыс күнінің соңына дейін саяжайдағы 1080 отбасыға бір жолғы әлеуметтік төлем берілетін болады. Ары қарай түскен өтініштер негізінде төлемдер жалғасады.
Өңір басшысы Нариман Төреғалиев саяжай тұрғындары орналасқан Орал қаласындағы эвакуациялық пункттердің біріне барып, тұрғындардың мәселелерін тыңдады.
Кездесу барысында саяжайларды қалпына келтіру, жарамсыз болған саяжайлардың орнына жаңа үйлер салу, материалдық шығындарды есептеу, тұрғын үйлерді сатып алу мәселелері көтерілді. Тұрғындардың сауалдарына облыс әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Аталған кездесулерді облыс, қала басшылығы жиі өткізетін болады. Нариман Төреғалиев азаматтардың мәселелерін бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Атап өтерлігі, осыған дейін де тұрақты негізде саяжай тұрғындарымен кездесулер өткізілді, алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жалғасатын болады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -