Биыл Астанада 11 мыңнан аса түлек мектеп бітіреді
Елордада бүкіл Қазақстандағыдай, оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Биыл мектепті 11 230 оқушы бітіреді. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Әкімдікте өткен брифингте Маржангүл Қайырбаева 24 мамырда мектептердің 1-10 сынып оқушылары үшін «Білімім Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтетінін айтты. 11-сынып түлектері үшін 25 мамырда өтетін оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» өткізіледі.
Бұл ретте іс-шараларда тыйым салынады:
- аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тарту, мерекелік үстелдерді ұйымдастыру;
- жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізу;
- әкімшілік пен педагог қызметкерлерге ақша жинауға, сондай-ақ сыйлықтар алуға тыйым салынады.
Айта кету керек, 9 (10) сынып оқушыларына арналған қорытынды емтихандар 29 мамырдан 10 маусымға дейін төрт пән бойынша өтеді. 11 (12) сынып оқушыларына арналған мемлекеттік бітіру емтихандары – 28 мамырдан 11 маусымға дейін бес пән бойынша өтеді.
«Биыл 27-31 мамыр аралығында алғаш рет 5-8, 10 сыныптарда оқушылардың бағдарлама мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша аралық емтихандар өтеді. «Қазақ тілі» – қазақ сыныптары, «Қазақ тілі мен әдебиеті» - қазақ тілінен басқа тілде оқитын сыныптар үшін. Емтихандарды жазбаша және ауызша тапсырады», - деді Маржангүл Қайырбаева әкімдікте өткен брифингте.
Елорда түлектеріне арналған аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру осы жылдың 14 маусымында өтеді. Сондай-ақ елордалық түлектер үшін ең ауқымды «Елорда мақтанышы-2024» форумы өтеді.
Басқарманың мәліметінше, 2023-2024 оқу жылында елорда мектептерінде оқушылар саны 263 мыңнан асты. Оның ішінде 11-сыныптың 11 230 түлегі және 9-сыныптың 19 952 оқушысы оқуын аяқтайды. «Алтын белгіге» 294 оқушы, ал үздік аттестатқа 717 оқушы үміткер.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -