Алматы халықаралық әуежайында күрес бойынша CISM әлем чемпионатынан оралғандарды қарсы алды
Ереванда грек-рим және еркін күрестен өткен 37-ші әлем біріншілігінде армия спортшылары үш алтын және төрт қола еншіледі
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Армия орталық спорт клубының басшылығы, әскери қызметшілер мен туған-туыстары күтіп алды.
Армения астанасында грек-рим және еркін күрестен өткен CISM әлем чемпионатына әлемнің 24 елінен 400 спортшы жиналды. Қазақстан Армия орталық спорт клубының атынан чемпионатқа 17 әскер балуаны шықты.
Жекпе-жектің нәтижелері бойынша еркін күрес шеберлері, ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Камиль Куруглиев (97 келі) және ефрейтор Мейіржан Әшіров (70 келі) тұғырдың ең жоғарғы сатысынан көрініп, чемпион атанды. 130 келі салмақта грек-рим стилінде күрескен спортшы ефрейтор Әлімхан Сыздықовқа қарсылас шақ келмеді.
– Қарсыластар мықты болды, жақсы дайындалғандары көрініп тұр. Әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғағаныма қуаныштымын. Тынымсыз жаттығулардың нәтижесі де жақсы болды. Бізді қолдағандардың барлығына алғыс айтамын, – деді чемпион Мейіржан Әшіров.
Біріншіліктің қорытындысы бойынша грек-рим стиліндегі балуан кіші сержант Айдос Сұлтанғали (60 келі) және ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Рүстем Мырзағалиев (86 келі) қола медальдарға ие болды. Әйелдер күресінде үшінші орын ҚР Қарулы күштерінің қызметкерлері Светлана Анкичева (50 келі) және Марина Седнева (55 келі) иеленді.
– Спортшыларымыздың жеңісі Мемлекеттік Тудың көтеріліп, Қазақстан әнұраны орындалған кезде ерекше сезіледі екен. Біз үшін бұл сәт тебіренерлік мақтанышқа толы болды. Чемпиондарымызға зор еңбегі, ерік-жігері мен батылдығы үшін рахмет айтамын, – деді Қорғаныс министрлігі АОСК (Алматы филиалы) – Спорт комитеті оқу-жаттығу орталығының бастығы майор Берден Ақпанбеков.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -