Биыл денсаулық сақтау саласында 94 нысан тұрғызылады
Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында биылдың өзінде 94 нысан тұрғызылады, соның 59-ы «Ауылдық жерлердегі денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы шеңберінде салынады, сол қатарда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медпункт бар. Бұл ретте нысандардың 27-сі блокты-модульді құрылыс болады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, 2022 жылдан бері өңірде 40-тан астам нысан салынған. Осы орайда 2022 жылы 12, 2023 жылы 22 БМК медпункт тұрғызылған.
Биыл денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда ұлғайып, 92,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Соған сәйкес жаңа медициналық нысандар салынып, мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
«Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардың заманауи құралдармен жабдықталу деңгейі 93 пайызға жетіп отыр.
"Мұның бәрі өз кезегінде жергілікті жерлерде дұрыс диагностикалау мен сапалы емдеуге, сырқаттың алдын алуға оң ықпалын тигізеді", - дейді басқарма мамандары.
Атап өтсек, өткен жылы 3,1 млрд. теңгеге 300 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған, биыл да осы мақсатқа 4,7 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -