«БЖЗҚ» АҚ-ның 2024 жылдың 1 сәуіріндегі негізгі көрсеткіштеріне шолу: зейнетақы жинақтары бір жыл ішінде 22,6 % көбейді
2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша "БЖЗҚ" АҚ салымшыларының (алушыларының) жеке және шартты шоттарында 18,9 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптасты. Ағымдағы жылдың басынан бастап 01.04.2024 жылға дейін олардың өсімі шамамен 1,02 трлн теңге (5,7%) болды. Өткен жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда зейнетақы жинақтарының көлемі шамамен 3,5 трлн теңгеге немесе 22,6% өсті.
2024 жылдың 3 айында зейнетақы жарналарының көлемі 623,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27,9% немесе 136,2 млрд теңгеден аса мөлшерге артық. Атап өтейік, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) – 20,2%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) – 22,1%, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – 41,2% өсім көрсетті.
Отандастарымыздың жинақтарының 96,6% МЗЖ есебінен қалыптастырылған. Оның көлемі 01.04.2024ж. 18,2 трлн теңгеден асты (жыл ішіндегі өсім – 22,3%, жыл басынан бері-5,5%). МКЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы 599,7 млрд теңге болып, жыл ішінде 25,8%, ағымдағы жылдың басынан бастап 5,5% ұлғайды. Ең жоғары өсімді (жылына 49%, жыл басынан бері - 11,3%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олардың көлемі 5,9 млрд теңге.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 3 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 37,5 млрд теңге болды.
БЖЗҚ салымшыларының жеке және шартты зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері шамамен 569,5 млрд теңгеге жетті.
Ағымдағы жылдың 3 айында БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер түріндегі шығыс ағындар шамамен 193 млрд теңге болды. Бұл ретте осы соманың негізгі бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделу ақысын төлеуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінен (БЗТ) құралған – шамамен 83,7 млрд теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,4 есеге көп.
Зейнет жасына толуға байланысты төлемдер - шамамен 44,6 млрд теңге.
Сондай-ақ, мұрагерлік бойынша төлемдер – 13 млрд теңге, ҚР шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 7,7 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 790,3 млн теңге, жерлеуге төлемдер - 2,5 млрд теңге мөлшерінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына шамамен 40,8 млрд теңге аударылды.
Атап кетейік, БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлем сомасы (зейнет жасына толуына байланысты) - 33 985 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы - 945 752 теңге. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде БЖЗҚ-дан кесте бойынша ай сайынғы төлемнің орташа сомасы 32 082 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы 742 692 теңге болды.
2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны - 12,4 млн бірлікке тең, оның ішінде: 11,1 млн - МЗЖ бойынша, 671,1 мың - МКЗЖ бойынша, 409,8 мың - ЕЗЖ бойынша.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіп түскен ЖМЗЖ және өзге де түсімдер туралы мәліметтер ескерілетін БЖЗҚ-дағы шартты зейнетақы шоттарының (ШЗШ) саны 2024 жылғы 1 сәуірде 3,4 млн бірлік болды.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат, соның ішінде республика өңірлері бойынша мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде орналастырылған.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -