Домофонды кірпішпен сындырып, бөтеннің көлігін бүлдірген: Астанада кезекті вандалдар жазаланды
Елордада қоғамдық тәртіпті бұзушылармен және вандализмнің кез келген жағдайымен күрес жүріп жатыр. Полицейлер кезекті вандалдарды анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
30 қыркүйек күні таңертең 35 жастағы астаналық үйінің жанындағы шлагбаумды әдейі сындырған.
Осыған ұқсас жағдай келесі күні, түнгі уақытта да болды. 48 жастағы ер адам мас күйінде ауладағы көліктің қанатын, бамперін бүлдірген. Осылайша ол басқа біреудің мүлкіне айтарлықтай зиян келтірді.
Сонымен қатар, 26 жастағы астаналық тұрғын мас күйінде кіреберістегі домофонды кірпішпен ұрып сындырған. Үшеуі де табылып, жауапқа тартылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыс жүргізілуде. Акцияның мақсаты - вандализмнің кез келген жағдайын болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.
Жыл басынан бері сот 250-ден астам адамды бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы аумақтарды ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.
Вандализмнің алдын алу қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -