Елордада педагогтер мен ЖОО түлектеріне арналған шеберлік сабақтар мен дөңгелек үстел өтті
25 жасқа дейінгі педагогтер мен ЖОО түлектері Білім басқармасы мен әдістемелік орталықтың қолдауымен ұйымдастырылған «IZDENIS. KREATIV. SHABYT» фестиваліне қатысты, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Шығармашылық іс-шара аясында жас мамандарға шеберлік сабақтары өткізілді, сондай-ақ заманауи педагогиканы дамыту перспективалары мәселелері бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар үшін шығармашылық тапсырмалар мен конкурстық-ойын әрекеттері дайындалды.
Фестивальдің басты мақсаты – жас мамандарға инновациялық білім беру ортасын құруға көмек көрсету, сондай-ақ олардың кәсіби дамуына жәрдемдесу.
«Фестиваль жас мамандарды дамыту үшін тиімді алаң болатынына сенімдіміз. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жас мамандарға ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Олар жаңа идеялардың, инновациялар мен креативтіліктің бастамашылдары болып саналады, оларды қолдау қажет», - деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Саят Қалибеков.
Фестиваль бағдарламасы аясында жас мамандар тиімді педагогикалық өзара іс-қимыл әдістерін зерттеді, шығармашылықты оқу процесіне интеграциялау әдістерімен танысты, жасанды интеллектті пайдалануды игерді, дизайнерлік ойлауды дамытты және заманауи білім беру технологияларымен жұмыс істеудің практикалық тәжірибесін алды. Сондай-ақ педагогтер қызықты квест-ойындарға қатысты.
«Фестивальде шеберлік сабақтар мен тренингтер арқылы аға тәлімгерлер жас педагогтерге психология, эмпатия, коммуникация, оқушыларға тапсырма қою және пәнаралық байланыс орнату дағдыларын шыңдауға көмектеседі. Біз сондай-ақ оларды командада жұмыс істеуге және ойынды оқу мен тәрбие процесінде пайдалануға үйретеміз. Фестиваль қорытындысы бойынша біз жас педагогтер клубын құрамыз», - деді әдістемелік орталықтың басшысы Сындар Дәуешова.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -