Ермағанбет Бөлекпаев Корея елшісімен кездесті
Қарағанды облысындағы корей этномәдени бірлестігі 35 жылдығын атап өтуде. Мерейтойлық іс-шараларға Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик келді. Мереке қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу өтті. Ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
– Біздің облыста корей капиталының қатысуымен алты кәсіпорын жұмыс істейді. Біз қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытудың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Мысалы, индустриялық аймақ аумағында Silk Road Electronics компаниясымен бірлесіп Samsung брендімен теледидарлар мен автоматты кір жуғыш машиналар өндірісін іске қосу мәселесі пысықталуда. Ғылыми байланыстар да дамуда. Биыл Қарағанды техникалық университеті Конджу Ұлттық университетімен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол Қарағанды Сеулдегі Сонг Па округінің бауырлас қаласы екенін еске салды. Сонымен қатар, 2010 жылдан бастап Ульсан метрополиясымен ынтымақтастық туралы келісім бар.
Қарағанды облысында корей диаспорасының 11,5 мыңнан астам өкілі тұрады. Республикадағы корейлердің алғашқы мәдени орталықтарының бірі – этномәдени бірлестік табысты жұмыс істеуде.
Чжо Тэ-ик мырза Қазақстан Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес екенін атап өтті.
– Биыл елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 32 жыл толды. Корея Республикасы Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегияны бекітті. 2025 жылы "Корея – Орталық Азия" саммитін өткізу жоспарлануда, – деп атап өтті елші.
Ол өңірлік деңгейде экономика мен гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге сенім білдірді.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -