Форт-Шевченко: теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы 70%-ға аяқталды
Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында теңіз суын тұщыту арқылы өнімділігі тәулігіне 5000 м3 болатын су тазарту зауытының құрылысы 70%-ға аяқталды. Жобаға теңіз суын тұщыландыру үшін «SUEZ» қондырғысы ұсынылған,-деп хабарлайды ауданның баспасөз қызметі.
Аудан әкімі Рахат Елтизаров құрылыс алаңына арнайы барып, жұмыстың барысымен танысып, құрылыс қарқынын жеделдетуді және жұмыс күшін арттыруды тапсырды. Ол мердігер мекеме «Толағай-2050» ЖШС-не сапалы жұмыс жүргізу және нақты міндеттемелерді орындау бойынша нұсқау берді.
Әкім жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының жоспарын нақтылап, оны үнемі бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Қазіргі уақытта мердігер мекеме негізгі жұмыстарды аяқтауға жақындап қалды. Арнайы тапсырыс бойынша құрылысқа қажетті қосымша құрал-жабдықтар жақын арада жеткізіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда теңіз жағалауында дәнекерлеу жұмыстары басталды.
Бұл зауыт Форт-Шевченко қаласы мен жақын маңдағы елді мекендерді үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мердігер мекеме келісімшартқа сәйкес мамандарды арнайы оқыту жоспарын да қарастырған.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -