Көп жыл бойы тозығы жеткен"Шаңырақ" жасөспірімдер үйі күрделі жөндеуден өтті
Соңғы жылдары аймақ тұрғындары тарапынан әртүрлі жиындарда «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу туралы мәселесін жиі көтерілетін еді.
Осы орайда өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен 1958 жылы салынған нысанды жөндеуге тиісті қаражат бөлініп, ғимарат күрделі жөндеуден өтті.
«Өткен жылы осы "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінің жұмысымен танысқанда, тұрғындары ең алдымен нысанға күрделі жөндеуден сұраған еді. Жалпы бұл мәселе 10 жылға жуық уақыт бойы өз шешімін таба алмай жүрген болатын. Осы орайда облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, тозығы жеткен нысанға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың іші-сыртымен бірге айналасы да абаттандырылды. Балаларға, жастарға ойын алаңдары, спорт жабдықтары орнатылды. Бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталды, енді қабылдау процесі жүріп жатыр», - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
106 орындық 74 тұрғын бөлмені құрайтын 3 қабатты ғимаратты жөндеуге жергілікті бюджеттен 575 974,0 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын мердігер «ТасқалаТрансГаз» ЖШС-і жүргізген.
«Жөндеуге дейін төбеден су тамса, есік-терезелерден жел өтетін еді. Күрдеулі жөндеуден өткен соң ғимарат түгелдей жаңарып қалды. Жарық, жылы, таза. Кәріз жүйесі де жөнделді. Бәрі көңілімізден шықты, - дейді «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі тұрғыны көп балалы ана Тәжібаева Айдана.
Бүгінде жасөспірімдер үйінде 25 пен 53 жас аралығындағы 67 түлек және 78 кәмелетке толмаған бала тұрады.
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -