Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңды қабылдау туралы
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы барысында Парламент Сенатының «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) баптарының жекелеген редакцияларына ұсыныстары мақұлданды.
Өзгерістер бірнеше негізгі бағыттар бойынша Мәжіліс осыған дейін мақұлдаған заң жобасына 35 түзетуді қамтыды.
1. Мәселен, әскери қызметшілердің құқықтарын күшейту және оларға мерзімді қызмет аяқталғаннан кейін жұмыс іздеуге және жұмыспен қамтуға уақыт беру мақсатында, Сенат банктердің және микроқаржы ұйымдарының кредиттерін төлеу бойынша кейінге қалдыруды әскер қатарынан босатылғаннан кейін қосымша (қызмет уақытына 12 айды кейінге қалдырудан басқа) 60 күнге ұзартуды, сондай-ақ оларды осындай төлем мерзімін кейінге қалдыруға байланысты жылжымалы және жылжымайтын мүліктің кепіл шарттарына қосымша келісімдер жасау міндетінен босатуды ұсынды.
2. Синдикатталған кредит беру тетігін дамыту және елге тартылатын шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайту мақсатында, Сенат синдикатқа қатысушылардың құрамына қазақстандық және шетелдік банктерден басқа, АХҚО-да тіркелген банктерді қосуды ұсынды, бұл әлеуетті инвесторлар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
3. Алаяқтықтың негізгі тәуекелдері жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттерін ресімдеу кезінде туындауына байланысты, Сенат биометриялық идентификаттаусыз электрондық банктік қарыз беруге тыйым салуды жеке тұлғаларға ғана қолдануды ұсынды.
4. Бұдан басқа, банк және микроқаржы омбудсмандарының мінсіз іскерлік беделін және олардың қызметінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Сенаторлар осы лауазымдарға сайлануға үміткер адамдарға біліктілік талаптарын және үлестестігі бойынша талаптарды күшейтуді ұсынды.
5. Агенттіктің қадағалау функцияларын цифрландыруды дамыту, тәуекелге бағдарланған қадағалауды күшейту, реттеу және қадағалау субъектілерінің санын ұлғайту үшін Сенат Агенттікті институционалдық тұрғыдан нығайту және оның операциялық қызметі бойынша бірқатар түзетулер ұсынды.
Мәжіліс Сенаттың ұсыныстарымен келісті. Осыған байланысты, Парламент Заңды қабылдаған болып саналады және Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілетін болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -