ІІМ шегілмейтін темекі өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілікті түсіндірді
ІІМ шегілмейтін темекі өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілікті түсіндірді.
– Құрметті азаматтар! 2024 жылғы 20 маусымнан шегілмейтін темекі өнімдері, электрондық тұтыну жүйелері, вейптер және оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
“Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодекске сәйкес шегілмейтін темекі өнімдеріне құрамында никотин бар, темекі жапырағынан әзірленетін заттар және олардың синтетикалық аналогтары жатады. Олар сору, шайнау, иіскеу үшін дайындалады. Электрондық тұтыну жүйелеріне, вейптерге құрамында никотин бар немесе жоқ сұйықтықты, басқа да химиялық заттарды, хош иістендіргіштерді қыздыратын құрылғылар жатады. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Ішкі істер министрлігі тұрғындарға және кәсіпкерлерге қабылданғалы жатқан өзгерістерді түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізді.
Аталған заттарды сату және тарату фактiлерi анықталған жағдайда кiнәлi тұлғаға 200 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не болмаса 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы, я болмаса 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қарастырылады. Осы заттарды әкелгені және өндіргені үшін мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген. Егер айтылған іс-әрекеттер адамдар тобымен, аса ірі мөлшерде, бірнеше рет жасалса, мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Құрметті азаматтар! Заңнамадағы көрсетілген өзгерістер еліміздің болашағы – балалар мен жастардың денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ержан Жақсылықов.
Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты
ІІМ шегілмейтін темекі өнімдерінің айналымы үшін жауапкершілікті түсіндірді (www.gov.kz)
Ақпарат көзі:
Біздің Telegram арнамызға жазылыңыз және барлық маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз, мына сілтеме -